23 мамырда Еуропа парламентіне сайлау басталып, Нидерланды мен Ұлыбританияда сайлау учаскелері ашылды. Бірақ Еуропа Одағына мүше елдердің көбінде дауыс беру жексенбі, 26 мамырда өтеді.
Әлеуметтік сауалнамаларға қарағанда, дауыстың басым бөлігін оңшыл центристік Еуропа халық партиясы (ЕХП) алуы мүмкін. Бірақ болжам бойынша, бұл саяси топ басым дауысқа жете алмай, коалиция құруға мәжбүр болады.
ЕХП-ның серіктесі ретінде солшыл бағыттағы "Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы" партиясы саналады. Бұған дейін олармен Еуропа оңшылдары Еуропа комиссиясы мүшелерін жасақтау үшін біріккен. Еуропарламент сайлаудан соң Еуроодақ мүшелерінің қолдауымен комиссияның жаңа құрамын бекітеді.
Әлеуметтанушылардың болжамынша, Еуропадағы екі негізгі партияны қолдаушылар саны азайып, радикал әрі популистік партия жақтастары көбеюі мүмкін. Мамандар "Еуропалық интеграцияға қарсы шығатын "Ұлттар мен бостандық Еуропасы" партиясы бұл жолғы сайлауда екі есе көп дауыс жинауы мүмкін" деп жазады. Бұған былтырдан бері Италия билігінде отырған популистік "Бес жұлдыз қозғалысы" мен "Солтүстік Лигасы" партияларының танымалдығы себеп болуы мүмкін.
Бұған қоса, болжам бойынша, либералдық "Еуропа либералдар мен демократтар альянсы" партиясын жақтайтындар саны да артуы тиіс. Бұған әлеуметтанушылар пікірінше, Францияда президент Эммануэль Макронның "Алға, республика!" партиясының танымал болуы септеседі.
Сайлау биылғы 31 наурызда одақтан шығуы тиіс болған Ұлыбританияда да өтіп жатыр. Бұған британ үкіметінің Еуропа одағынан шығу жоспарын мақұлдай алмауы себеп. Соңғы жоспарға сәйкес, Брекзит қазан айына шегерілген.
Еуропарламент сайлауының қорытындысы жексенбіден дүйсенбіге қараған түні - Еуропа одағындағы соңғы сайлау учаскелері жабылған соң жарияланады.
Дереккөз: Азаттық радиосы