Бүгін, 23 мамырда, Атырау сервис колледжінде 20 студент белгісіз газбен уланып қалды. Зардап шегушілердің барлығын дәрігерлер қаладағы ауруханалардың жедел жәрдем көліктерімен алып кетті.
Кештеу, жұмыс уақытының соңына таман Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы колледждің 17 жастағы студенті дәлізге ащы газ баллонын шашқанын хабарлады. Бұзақыға қатысты 293-баптың 1-тармағы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұдан басқа, бірнеше зардап шегушінің жансақтау бөліміне жатқызылғаны хабарланды.
- Алғашқы шақырту сағат 13:27-де түсті. Біздің фельдшерлер жаппай улану екенін хабарлады. Сондықтан тағы бірнеше бригаданы жібердік. Сөйтіп жедел жәрдемнің 12 бригадасы шұғыл көмек көрсетті, - деп әңгімеледі «Атырау қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы» КМҚК бас дәрігері Ерлан СҮЙЕУҒАЛИЕВ. – Оқиға орнына оттегі әкелінді. Қазір ғимаратта біздің фельдшерлер қалған студенттердің жағдайына бақылау жасауда. Облыстық ауруханаға 19 студент, №2 облыстық ауруханаға (жұқпалы аурулар) 1 студент жатқызылды. Зардап шегушілердің көпшілігінде улану белгілері тұншығу, жөтел, көздің қарауытуы түрінде білінген.
Колледж медбикесі Бәтима ЖҮНІСОВАНЫҢ айтуынша, газдан улану 5-ші сабақтан кейін басталды:
- Уланғандардың көпшілігі үзілісте дәлізде жүрген балалар. Бірінші болып уланған Артур НОВИКОВ, қауіпсіз жерге көшіру кезінде ол көшеге бірден шықпады, кейін ауруханаға орналастырылды. Көшіру 3 минут ішінде 8 есік арқылы жүргізілді. Улану кезінде дәлізде басқа да студенттер болды, бірақ олар үйлеріне өздері кетті. Біз оларды да уайымдап отырмыз.
Екінші курс студентінің анасы Майра ТЕКЕБАЕВА:
- Менің балам қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Балалар уланған кезде мұғалімдер қайда болған? 20 уланған адамның ішінде бірде-бір мұғалім жоқ. Балалар олардың қалай қашып жатқандарын көрген. Бейне камералардың жазбалары қайда?
Колледжге полиция департаментінің жедел-тергеу тобын басқарған қалалық полиция басқармасының бастығы Әлішер НҰРШАЕВ келді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор