Мамырда ақбөкендердің лақтауы аяқталады. Атырау облысындағы ақбөкен лақтарының саны қанша? Осы және басқа да мәселелер бойынша орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бөлім басшысы Азамат АБИҒАЛИЕВ әңгімеледі.
- 2008-2016 жылдар аралығында біздің аймақта бірде-бір ақбөкен болған жоқ. 2017 жылы қарашада Батыс Қазақстан облысынан шамамен 15 мыңдай ақбөкен қоныс аударып, Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарының аумағын мекендей бастады. Өткен қыста облыс шекарасынан шамамен 40 мың бас ақбөкен өтті. Кейін оның басым бөлігі кері қайтып кетті, ал, шамамен бес жүздей бөкен Индер және Махамбет аудандарында төлдеу маусымына қалып қойды.
Қазір біздің инспекторлар «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірге киіктердің төлдеу кезеңін күзетумен айналысуда. Жаңа туған лақтардың саны шамамен 100 деп есептеліп отыр. Жазда олар тағы да Батыс Қазақстан облысының аумағына өтіп кетеді, ал күзде қыстау үшін туған жерлеріне оралады.
Биыл ақбөкендерді заңсыз аулаудың екі фактісі тіркелді – Индер және Махамбет аудандарының тұрғындарынан жаңа кесілген киік мүйіздері табылды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ