Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Мексиканы заңсыз мигранттарға қарсы әрекет етпеді деп айыптады.
Өзінің «Твиттер» парақшасында Мексиканы АҚШ-қа кіретін заңсыз мигранттарға қарсы ешқандай әркетке бармағанын айыптаған Трамп, Мексиканың бұл «жауапсыздығына» қарсы шара қолдануы да мүмкін екенін айтқан.
«Бұл мәселеде Мексика дұрыс істеп отырған жоқ. Жақында бұған жауап қайтаратын боламыз», – деді.
Елдің оңтүстік шекарасы арқылы кіретін заңсыз мигранттарды тоқтату Трамптың сайлау алды берген уәделерінің бірі еді. Ол бұл бағытта бірқатар даулы шешімдерді қабылдаған болатын. Шекарадан заңсыз өтушілерді тоқтату үшін Мексика шекарасына қорған тұрғызу жобасын да көтерген. Алайда, жобаға қаржы аудару мәселесінде Конгреспен пікір бірлігіне келе алмады.
Трамп сонымен қатар шекара қорғанын тұрғызуға Мексика тарабының да қаржы аударуын, заңсыз мигранттарға қарсы шаралар қабылдауын талап еткен еді. Алайда, көршілес ел бұған мақұлдық бермеген.
Дереккөз: “The Qazaq Times”