Атырау, 29 наурыз 06:37
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

4 444 просмотра

ФУТБОЛ


Жұмыскер-2-дегі «Realsport» СК футбол манежінде 2003-2011 жылғы балалар арасында облыстық турнир ұйымдастырылды.

2003-05 жылғы жас санатында «Махамбет БЖСМ» командасы жеңіске жетті. Бапкері Асқар Әлдешов бұған дән риза: «Біздің балалар облыстық турнирлерде әлденеше рет жеңіске жетті. Әсіресе, қақпашы Нұрсар Оңайшиев пен шабуылшы Олжас Мейрамұлы өздерін жақсы жағынан көрсетті».

ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ҰРЫС

Уфада жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Командалық есепте 1-орынды Ресей құрамасы, 2-орынды Қазақстан, 3-орынды Қырғызстан жеңіп алды.

Атыраулық спортшылар ұлттық құрама қоржынына екі күміс және бір қола алқа салды. 14-15 жас санатында 36 келіге дейінгі салмақта Мейрамбек Айғалиев финалға дейін жетіп, ұпай бойынша ресейлік спортшыға есе жіберіп алды. Осы жас санатында 60 келіге дейінгі салмақта Нұрхан Серіков күміс алқа иеленді. Ерген Жолдыбаев қола алқа тақты.  


БОКС


Алматыда 2001-04 жылғы қыздар арасында 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрайымовтың жүлдесіне бокстан халықаралық турнир өтті.

Атырау құрамасы 1 күміс және 2 қола алқа алды. Тиісінше, осы алқаларды Дильназ Бағыт (50 кг дейін), Арайлым Нұрқуатова (50 кг дейін) және Динара Зинуллина (54 кг дейін) иеленді.

* * * * *

Шымкентет әйелдер арасында бокстан Қазақстан Спартакиадасы өтті.

Атырау құрамасынан 60 кг дейінгі салмақта Айгерім Қамарова қола алқа жеңіп алды.

* * * * *

Саратов облысының Балаково қаласында Кеңес Одағының Батыры Н.Грибановты еске алуға арналған халықаралық жасөспірімдер турнирі өтті.

Ізбасар Нұрболатұлы мен Сұлтан Бәкір турнирдің күміс және қола жүлдесіне ие болды. Екеуі де бапкер Асхат Ғаббасовтың жетекшілігімен №4 БЖСМ-де жаттығады.


ЕРКІН КҮРЕС

Калининградта еркін күрестен 23 жасқа дейінгі ерлер арасында РФ Еңбек сіңірген бапкері А.Шумилиннің жүлдесіне халықаралық турнир өтті. Сайысқа 14 елдің спортшылары қатысты.  

ҚР құрамасында атыраулық спортшылар ойдағыдай өнер көрсетті. 92 келіге дейінгі салмақта Әділет Қалтаев турнир жеңімпазы атанса, 70 келіге дейінгі салмақта Айдын Тәжіғали қола алқаға ие болды. Спортшыларды аға бапкер Аслан Жаманбаев дайындады.


КИКБОКСИНГ

Қызылордада 2003-04 жылғы жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтті. Аға бапкер Қуанышбек Қосақовтың жетекшілігімен атыраулық кикбоксерлер командасы 1 алтын, 1 күміс және 4 қола алқа тағынды.

67 келіге дейінгі салмақта Серікжан Сәлімгереев чемпион, 45 келіге дейінгі салмақта Исламсанжар Төлеуғали күміс, Нұрсұлтан Жұмабаев, Роман Зубарев, Мақсат Идеятов және Анель Жанғалиева қола жүлдегерлер атанды.


БЕЛДЕСІП КҮРЕСУ

Павлодар облысының Баянауыл қаласында 2004-05 жылғы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Атырау командасы 1 алтын, 1 күміс және 2 қола алқаны қоржынына салып қайтты.

Алтын алқа Думан Маратовтың, күміс алқа Қуаныш Нұрзаттың еншісіне тиді, Нұржан Сәрсенғалиев пен Еламан Нәсіпқалиевқа қола алқа бұйырды. Спортшыларды А. Чапаев, Ж. Еркінғалиев және А.Ықыласұлы дайындады.

* * * * *

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауылында 2005-06 жылғы ұлдар арасында Т.Айбергеновті еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Атыраулық спортшылардың арасынан Құрмет Жакиев, Төреғали Төрехан, Ерік Азамат пен Асқарбек Шерхан жеңіс тұғырынан көрінді.


САМБО

Оралда 2003-04 жылғы ұлдар арасында М.Рахметованың еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Атыраулық қатысушылардан Азат Сүндетов, Сырым Байғалиев және Райымбек Базарбаев алтын алқа иеленсе, Әділет Хисапов пен Нұрасыл Рысбаев күміс алқа тақты. Аламан Дүйсенғалиев пен Қайрат Жұмабай қола алқаны місе тұтты.


ДЗЮДО

Степногорскіде 2004-09 жылғы жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.

Атырау спортшысы Жаңылсын Мұхатова, Марат Нұрғали және Қуандық Рахымжан жеңімпаз болды.

* * * * *

Атырау облысының Махамбет ауылында 2005-06 жылғы ұлдар мен қыздар арасында К.Қабеновты еске алуға арналған республикалық турнир өтті.

Турнир қожайындарынан Дәмелі Асылханова, Зере Өтепқали, Дана Әбдірова, Аяжан Хайролла, Әсемгүл Өтегенова және Әсел Русланова жеңімпаз атанды. 

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 мамыр 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.