Мұнайлы астананың мектеп бітіруші түлектері қазан айынан бастап салтанатты мектеп бітіру сәтіне әзірлене бастайды: ата-аналар мейрамхана іздестіріп, ақша жинайды, қыздар жағы көйлек дайындайды... Жылдан жылға шығыны көбейіп бара жатқан бұл күнді атап өту қаншаға шығады, ата-аналар мен түлектердің өздері бұған қалай қарайды? Бұл туралы «АЖ» анықтаған еді.
Жақында білім және ғылым министрі Күләш ШӘМШИДЕНОВА мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда емес, мектеп қабырғасында өткізуді «ұсынды». Әлеуметтік желілерде Атырау қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фируза ШАҢГЕРЕЕВА мәлімдеме жасады. Рас, бұлар тек ұсыныстар ғана. Оның үстіне, ата-аналардың көпшілігі банкет залдарын таңдап, ақшаларын жинап қойған.
- Білім және ғылым министрлігі 2018-2019 оқу жылының түлектеріне аттестат тапсыратын салтанатты шараның бірыңғай уақытын 12 маусым деп белгілеп қойды. Жалпы орта білім беру мекемелерінде «Болашақ - жастардікі» шарасын өткізу тұжырымдамасы әзірленді, - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу ТӨРЕМҰРАТОВА.
- Әлеуметтік желілерде түлектердің мектеп бітіру кешінің мейрамханада өтуіне қарсы пікір білдірген бейнежазба пайда болды. Бірақ осыдан кейін олардың кейбіреуі редакциямызға хабарласып, мұндай роликті жасауға оларды мектеп әкімшілігінің мәжбүрлегенін айтқан еді.
- Ондайды білмедім. Біз кешті мектеп қабырғасында өткізу туралы бұйрық емес, ұсыныс қана айттық. Біріншіден, мейрамханаларға соншама шығынданудың қажеті қанша, бұл отбасы үшін үлкен күш. Екіншіден, мектепте де жақсы тойлауға болады ғой. Акт немесе спорт залын әдемілеп безендіріп, фуршет ұйымдастырып, билеуге болады... Ал егер түлектерді осындай бейнежазба түсіруге мәжбүрлесе, бұл әрине дұрыс емес, анықтайтын боламыз.
Әдетте атыраулық түлектер мейрамханаларда таңғы сағат беске дейін мейрамдайды, содан соң Сұлтан Бейбарыс атындағы алаңға барып, сол жерде таңды қарсы алады. Полиция бұл кеште және түнде күшейтілген режимде жұмыс істейді.
НЕ ҚАНША?
Жергілікті мейрамханалар үшін мектеп бітіру мерекесі – үйреншікті жағдай. Сондықтан көпшілігінің түлектерге арналған өз шоу-бағдарламалары бар. Музыкалық және би ойындары, фотограф және бейнеоператор болады. Әр мейман үшін мейрамханалар 10 мың теңгеден бастап сұрайды, анасымен бірге болса, тиісінше 20 мың теңгеден келеді.
Көйлек – түлектер үшін ең бастысы осы, оны күнтізбелік жыл аяғынан бастап іздестіре бастайды. Ең әдемі көйлек байқауын ешкім жойған жоқ қой... Түлектің сатып алатын көйлегі кем дегенде 100 мың теңгеге шығады. Бұл баға миллион теңгеге дейін баруы мүмкін. Айта кету керек, жақында Атыраудағы мектептердің бірінің түлегі әлеуметтік желіде миллион теңгелік көйлегін көрсетіп, мектеп бітіру кешін 20 сыныптасымен бірге Дубайда өткізетінін айтып мақтанған еді. Кейінірек ол бұл постыны кетіріп тастаған... Көйлекті жалға алуға да болады. Ол 20 мың теңгеден басталады.
Бет әрлеу, шаш сәндеу, маникюр-педикюр – орташа алғанда 40 мың теңге. Бұдан басқа, танымал брендтердің визажистері мен маникюр-педикюр жасайтын шеберлері Атырауға арнайы келіп, тапсырыстар қабылдайды. Бұл 60 мың теңге, тапсырыс кем дегенде 15 қызға «көтерме бағамен» қабылданады.
Костюм. Осы ұлы күні жігіттер 40-50 мың теңгеге смокинг немесе костюм кигенді жөн көреді. Туфли 15 мың теңгеден басталады, жейде – орташа алғанда 10 мың, галстук – 5 мың теңге. Көпшілігі 15 мың теңгеге сағатты арнайы сатып алады.
Мұғалімге сыйлық – бөлек шығындар бабы. Ата-аналар немесе белсенді түлектер сынып жетекшісінен не қалайтынын - аспалы шам ба, кір жуатын машина ма, басқа тұрмыстық техника ма, алдын ала сұрап алады. Әр оқушыға – 15-20 мың теңгеден келеді.
Көліктер кортежі үйлену тойының ғана емес, түлектердің де атрибутына айналған. 20 оқушыға құны сағатына 3 мың теңге тұратын 5 «ToyotaCamry 55» көлігі керек. 3 сағатты 5 көлікке көбейтсек, 75 мың теңге шығады.
Естелік фотоальбом. Бағасы полиграфиясы мен дизайнына байланысты болады. Орташа алғанда 4 парақтан тұратын коллаж 5 мың теңге тұрады. Мектепке кәсіби фотограф келіп, шаблон таңдайды. Қыздар беттерін сәл әрлеп, мектеп формасымен суретке түседі.
МАМА-ПАПА, ЕКІ ЖҮЗ МЫҢ БЕРЕСІЗ БЕ?
Бір қызға 200 мың теңгеден, жігіттерге одан аздау жұмсалады. Бұл шығындарға ата-аналар мен түлектердің өздері қалай қарайды? «АЖ» сұрағына жауап бере отырып, олар фамилияларын атамауды өтінді – «мектептен тыс» кешке қауіп төндіруден қорқады екен.
Аслан:
- 200 мыңға жеткен жоқ. Костюмді 45 мың теңгеге сатып алдым, сыныпта 60 мыңнан, фотоколлажға тағы 5 мыңнан, тағы бірдеңелерге... жинадық. Бәрін қосқанда 150 мың теңгеден кетеді.
Динара:
- Көйлекті 90 мың теңгеге алдырттым, сүт түстес реңді таңдадым. Оған қоса тәжі бар. Оны «Сваровски» тастарымен әшекейлеймін, оған 50 мыңдай кетеді. Мектепте 50 мыңнан жинаймыз. Жалпы, 200 мың теңгені қалыпты деп есептеймін. Бұл ақшаны маман болып, табыс таба бастағанда қайтарамын. Айтпақшы, Алматыға жоғарғы оқу орнына түсемін.
Асылзада:
- 50 мың теңгеден жинадық, көйлек 70 мың теңге, шаш сәндеу, маникюр мен педикюр 15-20 мың теңгеден. Тәжді кимеймін, мен сұлулық байқауына қатысайын деп жатқан жоқпын ғой.
Алтынгүл, түлектің анасы:
- Біз ұлымызға барлық шығынына 200 мың теңге бердік. Егер ҰБТ-ны жақсы тапсырса, Iphone тарту етеміз. Бұл күн оның есінде ұзақ уақыт сақталғанын қалаймыз. Бұл туған күн емес қой – бұл өмірде бір-ақ рет болатын оқиға.
Айгүл, түлектің анасы:
- Мектеп бітіру кеші – машақаты, әбігері көп мәселе. Қазанның аяғында балаларымыздың өтінішімен мейрамхананы жалға алып қойдық. Бірақ қаңтарда мейрамхана әкімшісі ол жерде біздің балаларымыздан бөлек басқа мектептен де балалар болатынын хабарлады. Бұл біздің көңілімізден шықпады. Алдын ала төлеген ақшамызды кері алып, басқа мейрамхана табуға тура келді. Бір балаға 70 мың теңгеден жинаймыз. Бұл – мейрамхана, мұғалімдерге арналған сыйлықтар және кортеж шығындары. Көп адам соншама шығындалудың қажеті қанша деп кінәлайды. Бірақ бұл біздің ақшамыз ғой, қалай жұмсасақ та өзіміз білеміз. Біздің сыныпта қалталары көтермейтін ата-аналар болды, біз балаларға білдірмей, 5 мыңнан қостық, ешкім ренжіген жоқ.
Қызымның көйлегі 120 мың теңгеге шықты. Туфлиін 32 мың теңгеге алдырдық. Көйлекті мектеп бітіру кешіне, туыстарымыздың алда болатын үйлену тойына киеді, содан кейін сатып жібереміз.
Ал мен бірнеше жыл бұрын болған өзімнің мектеп бітіру кешімді есіме түсірдім. Мейрамханаға жарты жыл бұрын тапсырыс бермедік. Сол күні таңертең қыздар барып, ас мәзірін таңдады, әрқайсымызға 5 мың теңгеден келді. Сынып жетекшісіне сыйлыққа 10 мың теңгеден жинап, оған тоңазытқыш сатып әпердік. Өзім классикалық стильде 15 мың теңгеге киіндім. Дегенмен, сол кезде бағалар да сәл басқашалау болатын...
Биыл Атырау облысында 5133 түлек орта мектепті бітіреді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер және инфографика автордікі