Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылындағы «Үлкен Ганюшкино» мен «Безымянный» ықшамауданын Шарон өзенінің Бұзаусылан өзегі бөліп жатыр. Екі жағалауды ширек ғасыр бұрын салынған ұзындығы 82 метр болатын жаяу жүргінші көпірі жалғастырып тұр. Бүгінде арғы бетке өту Индиана Джонстың шым-шытырық фильмдерін еске түсіреді.
- Оншақты жыл бұрын бұл көпір құлап қалған еді. Осы ауылдың жігіттері бірлесіп, темірлерді жалғап, бекітіп, өз күштерімен жөндеді. Көпір астына және жанына тіреулер қойды. Содан бері ешкімнің қолы тиген жоқ, күннен-күнге қисайып, қорқыныш туғызып тұр, - дейді тұрғындар. – Көпір жел күндері теңселіп, қозғалып тұрады.
Бұл туралы жергілікті билікке жолыққанымда олар, әдеттегідей, бұдан хабардар екен. Жақында мәселені шешпек.
Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек ХАСАНОВ:
- Бұл көпір ертеректе салынған, бүгінде ешкімнің балансысында жоқ, иесіз тұр. Оны жөндеу мүмкін емес, тек жаңасын салу керек. Ол үшін биыл сметалық жоба әзірлейміз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор