Атырау қаласының Қайыршақты ауылдық округінде былтырдан бері мүйізді ірі қара қырылып жатыр. Атап айтқанда, Ирина Долголевецтің фермер шаруашылығында 90 сиыр өлген. Долголевецтің айтуынша, мал індетінің басталғаны туралы дабылын ветеринарлық қызметтер елемеген. Ал ветеринарлардың бұл ахуалға қатысты көзқарасы мүлдем басқа.
- 3 тамызда бірінші сиыр өлді. Ай сайын ветеринарларға жүгіндім, бірақ одан түк шықпады. Сиырдың вирусқа шалдығып өлгенін ветеринарлық білімі бар бауырым айтты. Малды антибиотиктермен емдедік, - дейді Долголевец. – Ол «вирустық диарея» деген диагноз қойған еді, кейін мұны облыстық ветеринарлық зертхана мен Астанадағы мамандар растады. Көрші шаруашылықтарда да біраз сиыр өлді. Малды сойғанда, олардың ринотрахеит деген екінші бір вирустық аурудан өлгені анықталды. Қойларды сиырдан оқшаулап, аман алып қалдық…
Ауылдық округте малдың қырылғанын қалалық ветеринарлық станция басшысы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ растады, бірақ оның айтуынша, сәуірде күн суытып, қар түскен кезде кейбір шаруа қожалықтарында қыстан көтерем шыққан 9 сиыр өлген.
Оразғалиев, сондай-ақ, «Долголевец» жеке шаруашылығындағы малдың қырылғаны туралы хабардар екенін, алайда бұл іспен қалалық ветеринарлық инспекция айналысып жатқанын айтты. «Фермердің айтып отырғаны - даулы мәселе», - деді Оразғалиев сөзін аяқтап.
Ал қалалық ветеринарлық инспекция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВ Ирина Долголевецтің шаруашылығындағы мал тиісті күтім болмағандықтан өлген деп есептейді:
- Оның екі жүздей сиыры бар, қойы, жылқылары мен түйелері көп. Ал мұндай мөлшердегі малға жайылымдық жер жоқ. Шаруашылықта жемшөп қоры да аз. Қыста қожалық иесі сиырларды жабайы шөптерге жаю үшін далаға шығарған. Сол кезде көтерем аш сиырлар өліп қалды. Ал «вирустық диарея» деген диагноз қорқынышты емес, мұның бәрі күтімнің жоқтығынан орын алып отыр.
Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін айту қиын, бірақ малға жаның ашиды-ақ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ