Атырауға Литвадан жоғары білікті ортопед Виргилиюс УРБАНАВИЧЮС келіп, облыстық балалар ауруханасының базасында церебралды сал ауруы диагнозы бар екі балаға ота жасады. Ал бұған дейін профессор жергілікті әріптестерімен ортопедиялық патологияны хирургиялық емдеудің инновациялық әдістерімен бөліскен еді. «АЖ» тілшісі үшін ең қызықтысы екпе тақырыбы болды. Біздің Литвамен ұқсастықтарымыз осында екен.
- 40 жылдан бері Вильнюс университетінің Сантарос ауруханасында балалар ортопедиялық травматология бөлімшесінде жұмыс жасаймын, - деп сөзін бастады Урбанавичюс «АЖ» тілшісіне. – Бүгінде Қазақстанда церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларды оңалту проблемасы басқа елдердегі сияқты өзекті екенін білемін және түсінемін.
- Литва мен Қазақстан медицинасының арасындағы сапа айырмашылығы үлкен бе?
- Мен Қазақстанға алғаш рет 12 жыл бұрын келдім. Сол кездегі айырмашылық, шынымды айтсам, үлкен еді. Бірақ қазір сіздерде жағдай әжептәуір жақсарған.
- Облыстық балалар ауруханасында операция жасау кезінде қиындықтар, құрал-саймандар немесе жабдықтардың жетіспеушілігі болған шығар?
- Операция залдарының бәрінде қиындықтар болады, Атырауда да солай. Бұл жердегі құрал-саймандар ескірген, бірақ жергілікті әріптес ортопедтердің біліктілігін жоғары деп бағалаймын.
- Сіздің мамандығыңызға қатысты емес сұрақ қоюға рұқсат етсеңіз. Қазақстанда кейбір ата-аналар балаларына екпе салдырудан бас тартады, ал Литвада осындай проблема бар ма?
- Бізде де кейде түрлі себептер бойынша: біреулер интернеттен теріс пікірлер оқиды, католик шіркеуі вакцина салдыруға қарсы болмаса да, біреулер діни ұстанымдарына сәйкес бас тартып жатады. Вегетариандықтар арасында бас тартатындар көп. Дәрігер ретінде айтарым: екпе салдыру керек. Бізде, тіпті, бас тартушыларға айыппұл салу туралы мәселе көтерілді, бірақ бұл ұсыныс қабылданбады. Мұндай жағдайда адам құқықтары бұзылар еді. Сондықтан, бұрынғыша түсіндіреміз, көздерін жеткіземіз. Литвада вакциналар Батыс Еуропа елдерінен ғана сатып алынады.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор