Қазір Атырауда кәріздік-тазарту құрылғысы (ҚТҚ), тутұғыр, Оқушылар мен жастар сарайы салынып жатыр. Исатай және Махамбет атындағы алаң, жағалау қайта жаңғыртылуда. Қала тұрғындары жұмыстардың тез біткенін қалайды, өйткені қала орталығындағы кейбір нысандар қоршалып, қолайсыздықтар туғызады. Жергілікті билік жұмыстардың қалай жүріп жатқандығын көрсету үшін 5 құрылыс алаңына баспасөз турын ұйымдастырған еді.
КТҚ
Сол жақ жағалаудағы КТҚ-ның (кәріздік-тазарту құрылғысы) сақалды құрылыстар тізіміне енгеніне көп болды. Жобалау-сметалық құжаттама 10 жылдан астам уақыт бұрын жасалған. Бірақ құрылыс бертінде ғана басталды. Қазір құны 10 млрд теңгелік бұл жобаны «Павлодар өзен порты» АҚ жүзеге асыруда. Мердігер КТҚ-ны биылғы қарашада тапсыруға уәде беріп отыр. Кепілдік мерзімі – 5 жыл.
- Пайдалануға берілгеннен кейін құрылғы жарты жыл бойына сынақ режимінде жұмыс істейді, - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВ. – Сол жақ жағалаудағы кәріздік қалдықтардың барлығы қазір ашық Сасықсайға құйылуда. Ал КТҚ іске қосылғаннан кейін оларды жасыл-желектерді суару, көліктерді жуу және тағы басқалар үшін пайдаланатын техникалық суға өңдейді. Ал қатты қалдықтардан суармалы жерлерге қолдану үшін органикалық тыңайтқыштар дайындалады.
КТҚ-ның жұмыс күші тәулігіне 70 мың текше метр, ал ең жоғарғы қуаты – 100 мың текше метр. Оның аумағында тұрмыстық қалдықтарды қаттауға арналған жерлер, биотоғандар мен булану алаңы бар.
Ал Сасықсай қалпына келтіріледі - жобалау құжаттамасын қалалық ТКШ бөлімі мен АМӨЗ бірлесіп дайындауда. Қазір Атыраудағы кәріз қалдықтарының көлемі 35 мың текше метр. Жаңа жүйеге қала маңындағы Береке, Талғайраң, Геолог және басқа да елді мекендерді қосу жоспарда бар.
ОҚУШЫЛАР МЕН ЖАСТАР САРАЙЫ
2014 жылы сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ пен «Шеврон» корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Джон УОТСОН болашақ Оқушылар мен жастар сарайының іргетасына символикалық «алғашқы кірпішті» қалаған еді. Алайда толыққанды құрылыс жұмыстары өткен жылдың наурызында басталды.
Сарайды 2020 жылдың маусымында тапсыру белгіленген. Бірақ мердігерлер жұмыстарды осы желтоқсанда аяқтауға жұмыстанатындарын айтады. Жоба құны – 6 млрд теңге шамасында.
Болашақ сарай алаңы – 19 мың шаршы метрдей.
Журналистерге 4 қабатты ғимаратта хорегорафиямен, гимнастикамен, баскетболмен, жеңіл атлетикамен, күреспен айналысуға арналған залдар, шахмат кабинеті, Интернет-орталық және медиатека, компьютерлік графика кабинеті, көрме залы, бассейн, тілдер үйренуге арналған сыныптар, физика, экология, өлкетану кабинеттері, биохимия зертханасы, жас натуралистер үйірмесі, бейнелеу өнері студиясы, авиа- және кеме модельдеу зертханалары, компьютерлік техника зертханалары, бейне- және фотостудиялар мен т.б. орналасатынын әңгімеледі.
ИСАТАЙ ЖӘНЕ МАХАМБЕТ АЛАҢЫ
- Біз алаңды биылғы тамыздың аяғында, Конституция күніне орай ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді мердігер мекеменің директоры Әділ ЖҰБАНОВ.
Жаңартылған алаңдағы ерекшеліктердің бірі - биіктігі 2,83 метр «Домбыра» монумент-мүсін композициясы болмақ. Жобада бұрқақтары бар әуенді бес шағын хауыз бен бір үлкен хауыз қарастырылған. Алаңның төрт жағына отырғыштар орнатылып, газондар төселеді.
Жұбанов мәрмәр мен су құбыры жүйелерін қоспағанда, негізінен бұл жұмыстарға қазақстандық өнімдер қолданылғанын атап өтті. Айтпақшы, оның айтуынша, жасыл-желектерді суару компьютермен атқарылады екен.
- Қазіргі уақытта бізде 98 адам еңбек етіп жатыр. Жоба бойынша 4 мың шаршы метр газон төсейміз, 2 мың шаршы метрге гүлдер мен 100 шақты ағаш егеміз.
ТУТҰҒЫР
Көп ұзамай Қазақстан туы 91 метр биіктікте желбірейді. Қазір тутұғырды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, инженерлік коммуникациялар жүргізілуде.
14,5 және 29 метр көлемдегі тудан басқа құрылымға Қазақстан картасы, қола барыс, мәрмәрмен қапталған колоннада қамтылған эркерлік композиция кіреді. Бұдан басқа, тутұғырдың негізгі қасбетінің алдына екі бұрқақ қарастырылған.
- Іргелес аумақ көгалдандырылады, бұл шамамен 2 гектардай жер, - дейді мердігер компанияның инженері. – Құрылыстың аяқталу мерзімі – осы жылдың аяғы.
ЖАҒАЛАУДЫ АБАТТАНДЫРУ
Қаланың орталық бөлігіндегі Жайықтың оң жақ жағалауы өткен жылы қайта жарақтау жұмыстарына жабылған еді. Жаңартылған жағалаудың ұзындығы - Әлиев көпірінен бастап университет ғимаратына дейін 1 км 861 метр. Бүгінде жұмыстардың төрттен бір бөлігі орындалған. Қазір тіреуіш қабырғалар орнатылуда.
Жобаланған жағалау шартты түрде үш учаскеге бөлінген:
Біріншісі (ұзындығы 550 метр) көпірден басталады. Бұл жерде алаңы 1700 шаршы метр жаяу жүргінші аймағы мен жағажай аймағы қарастырылған. Жаяу жүргінші аймағында екі бұрқақ пен балалардың ойын алаңы болады;
Екіншісі (644 м) - жаяу жүргінші аймағы;
Үшіншісі (667 м) екіншісімен облыстық әкімдік маңында қабысады. Жоба бойынша екінші және үшінші учаске қабысқан жерде стела орнатылған көру алаңы, ал оған қарсы өзен сағасында – жүзбелі бұрқақ қарастырылған.
Нысан 2020 жылдың сәуірінде тапсырылуы тиіс.
Ендеше, аман болсақ көреміз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор