Атыраудағы 9 қабатты және 5 қабатты үйлердің бүйір қабырғасына бейнеленген Махамбет Өтемісұлының және өлке байлығы - балықтың алып суреттері мен мұндалап көз тартып тұр. Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер академиясының бейнелеу өнері және дизайн пәнінің оқытушылары Мейірбек ЖАҒЫПАШЕВ, Мирас ЖАНҒОЗИЕВ пен Асылбек БАҚТИЯР осылайша облыс орталығын көркейтуге өз үлестерін қосуды ұйғарған екен.
- Қала әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы біздің идеямызға қолдау білдірді, демеушілер де табыла кетті, - дейді суретші әрі мүсінші Мейірбек Жағыпашев. – Былтыр ең әуелі Балықшыдағы 5 қабатты үйдің біріне Жайықтың суасты әлемінің суретін салдық. Зер салып көрген болсаңыз, суретте браконьердің торына шырмалған балық бейнеленген... Ал биыл драма театрының жанындағы 9 қабатты үйге Махамбет Өтемісұлының портретін салдық.
- Бұл шығармалар ауқымды. Жұмысы да көп шығар?
- Оңай емес. Автомұнараны жалға алдық, контур сызып, содан соң 100-ден астам түрлі бояу баллондарын қолдандық. Баллондағы бояу суға төзімді. Егер үйдің қаптамасы мықты, ақаусыз болса, сурет ұзақ уақыт сақталады.
- Ал Привокзальныйдағы 9 қабатты үйдің бүйір қабырғасына Құрманғазының суреті салыныпты. Ол жердің сылағы түсіп жатыр.
- Ол жердегі суретті біз салған жоқпыз. Менің білуімше, ол ресейлік суретшілердің жұмысы. Қараша айы - суық пен жаңбырлатып тұрған кез, оның үстіне қабырғаның сылағы да сапасыз. Ол жерде Құрманғазы ұзақ тұрмас деп ойлаймын.
Енді үш суретші Атыраудағы тағы екі үйді Сұлтан Бейбарыс пен Құрманғазы бейнелерімен әрлеуді жоспарлап отыр.
– Бұларды граффитилер, көркемсуреттер, муралдар деп түрліше атауға болады. Бірақ олардың қаланың келбетіне жақсы әсер берері сөзсіз, - дейді Асылбек Бақтияр.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор