АҚШ Түркияға берілген сауда жеңілдіктерін алып тастады. Мамыр айының 16-ы күні АҚШ президенті Дональд Трамп Түркияға берілген сауда жеңілдіктерін алып тастауға байланысты құжатқа қол қойды.
Осылайша Ақ үй Анкараға 1975 жылы берілген сауда жеңілдіктерін алып тастады.
«Мен 2019 жылдың 17-ші мамырынан бастап Түркияны дамушы елдер қатарынан алып тастауды ұйғардым. Себебі оның экономикалық дамуы бұған сәйкес келмейді» - деп мәлімдеді Трамп.
Негізінде Түркияға берілген сауда жеңілдіктерін алып тастауға байланысты мәселе Ақ үйде 2018 жылдың тамыз айында қарала бастаған. Дәл осы уақытта екі ел қарым-қатынасы ушыққан. Кейіннен тараптар келісімге келіп, Уашингтон Анкара тауарларына салынған салық көлемін азайтқан. Бірақ бұл келісім ұзаққа созылмады.
Екі ел қарым-қатынасы мамыр айының басында қайта ушықты. Оған Түркияның Ресейден С-400 зымыран жүйесін сатып алуы себеп болды.
Дереккөз: "The Qazaq Times"