КАРАТЭ
«Қайсар» спорт клубының шәкірттері годзю-рю каратэ-до бойынша Одессада өткен Әлем чемпионаты және Әлем кубогында табысты өнер көрсетті.
Әлем Кубогы үш бағдарлама бойынша өтті: шобу-кумитэ (бақыланатын теxника), ирригуми-дзю кумитэ (жұмсақ теxника, жартылай контакт) және ката. Ал әлем чемпионаты – тек жоғары жастағы жасөспірімдер мен ересектер арасында ирригуми-го кумитэ (толық контакт) бағдарламасы бойынша өтті.
16 жастағы Әнес Меңдібаев қатарынан бірнеше пәннен әлем чемпионы және Әлем кубогының иегері атанды. Ол ирригуми-го кумитэ, ирригуми дзю кумитэ, катадан алтын алқа, шобу-кумитэден күміс алқа алды. Ардагерлер арасында 40 жастағы бапкер Алексей Любин ирригуми-го кумитэден күміс жүлдеге және шобу-кумитэден қола жүлдеге ие болды.
9 жасар Алисия Меңдібаева да Әлем кубогын жеңіп алды. Оның еншісіне ирригуми дзю кумитэ бойынша алтын алқа, шобу-кумитэ мен ката бойынша күміс алқа тиді. Шобу-кумитэ бойынша 9 жасар Шапи Бексұлтан Әлем кубогының қола жүлдегері атанды.
* * * * *
Атырауда WKF-каратэ бойынша (олипиадалық нұсқа) Қазақстан Спартакиадасы өтті.
«Қожайындарға» 7 алқа бұйырды: Әсел Серікова (61 кг дейін) –алтын алқа, Болат Ізбасқанов – күміс алқа, Ақбота Сейіт (50 кг дейін) пен Бейбарыс Жаңбыр (75 кг дейін) қола алқа, сонымен қатар, әйелдер командасы кумитэ мен катадан қола алқа, ерлер командасы катадан қола алқа алды.
Командалық есепте Алматы мен Шымкент құрамалары 1-орынды бөлісті. 2-орын Маңғыстау облысына, 3-орын Жамбыл облысына бұйырды.
- 2019 жылдың Спартакиадасы 2015 жылы Қарағандыда өткен алдыңғы спартакиададан едәуір ерекшеленеді. Басты айырмашылығы - спортшылардың деңгейі айтарлықтай артты. Бұл каратэні 2020 жылғы Олимпиада бағдарламасына енгізудің тікелей салдары. Бәсекелестік өсіп, әр қатысушы өз мүмкіндіктерін барынша көрсетуге тырысты. Біз барлық өңірлердің талап етілетін әлеуетке ие екеніне көз жеткіздік, - деп ұлттық құраманың бас бапкері Жасталап Санауов Спартакиаданы қорытындылады.
Облыстық спорттық және дәстүрлі каратэ федерациясы мен «Қайсар» спорт клубы турнирді ұйымдастырғаны үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовке алғыс білдіреді. Үлкен демеушілік көрсеткені үшін КTL фирмасына және оның директоры Мағзомов Сатыбалды Төлегенұлына бөлек алғыс білдіреді.
* * * * *
Таразда шотокан-каратэ бойынша ҚР чемпионаты өтті. Атыраудың намысын әдеттегіше ҚР Еңбек сіңірген бапкері Ерікқали Қойшекенов жетекшілік ететін «Жолбарыс» спорт клубының шәкірттері қорғады.
«Жолбарыстықтар» қоржындарына 1 алтын, 3 күміс және 3 қола алқа салды.
Кадеттер арасында Бекзат Саинов (52 кг дейін) чемпион титулын жеңіп алды. Бағытжан Базекешов, Диас Төлепберген, Бекбол Ерасыл, Әзиза Исабекова, Зарина Асқарқызы, Ақбота Тілекқабыл жүлдегерлер атанды.
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ
Мұнайлы астанада қазақ күресінен «Атырау барысы» атты облыстық іріктеу турнирі өтті. Абсолютті салмақ дәрежесінде (түйе палуан) ұлттық стильде Атыраудан және 7 ауданнан 16 палуан қатысты.
Қызылқоға ауданынан Сұңғат Закарияев турнир жеңімпазы атанды. Түрлі жылдары «облыс барысы» атанған ол осымен бесінші рет осы атаққа ие болып отыр. Екінші орынды жылыойлық Бекболат Салықов жеңіп алды. Қызылқоғалық Руслан Ізғалиев үшінші орынды місе тұтты. Естеріңізге салсақ, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің қатысушылары облыстық турнир финалистері екенін еске саламыз.
* * * * *
Ақтауда 2005-06 жылғы жасөспірімдер арасында ақын Төлеген Айбергеновті еске алуға арналған республикалық турнир өтті.
Атыраулық БЖСМ-1 командасының нәтижелері: алтын алқа - Құрмет Жакиев, Ерік Азамат пен Төреғали Төрехан; күміс алқа - Асқарбек Шерхан, Зейін Ғанибек пен Нұрғиса Бижанұлы; қола алқа – Жәнібек Наренов пен Азамат Дәулетбай. Спортшыларды А. Ықыласұлы, Р. Еркебаев пен Р.Ермұратов жаттықтырады.
БОКС
Қызылқоғада бокстан ҚР Спартакиадасы өтті. Сайысқа бүкіл өңірден 146 былғары қолғап шеберлері қатысты.
Атыраулықтардан 75 келіге дейінгі салмақта Амандық Манашев жартылай финалға дейін жетті. Алайда финалға шығу жекпе-жегінде астаналық бәсекелесіне ұпай жағынан есе жіберіп алды.
* * * * *
Алматыда жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті. Онда бапкерлер Ринат Басаров пен Нариман Байманов жетекшілік еткен Атырау командасы керемет өнер көрсетті.
12 спортшы: Асқар Мансұр, Ғажап Галипов, Архип Набатов, Мұрат Алан, Бек Ақылбек, Берік Әділет, Марат Әнуарбек,Абзал Қонысов, Алпысбай Жандос, Ұзакбай Арман, Аманжол Алмас пен Есенғалиева Арайлым алтын алқа иеленді. Тағы 6 спортшы жүлдегер болды.
* * * * *
Шымкентте 2000 жылғы Олимпиаданың күміс алқа иегері Мұхтархан Ділдәбековтің жүлдесіне ірі халықаралық турнир ұйымдастырылды.
Оған Орта Азияның бүкіл елдерінен, Грузиядан боксшылар қатысты. Атыраулық спортшы Аманат Сабырғали финалда Грузия өкілі Георгий Акушевтен басым түсіп, алтын алқа иеленді. Аманатты Ерлан Сахипов жаттықтырады.
ДЗЮДО
Өскеменде 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан ашық чемпионат болды. Оған қазақстандық, Ресейден, Грузиядан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген спортшылар бақ сынады.
Атырау облысының құрамасы 4 алқа жеңіп алды: алтын алқа - Бақытжан Амангелді (66 кг келіге дейін), күміс алқа - Саид Қапсалыхов (78 кг жоғары), қола алқа - Ақжол Қайыпхан (57 кг дейін) және Исатай Абаев (100 кг жоғары).
ЕРКІН КҮРЕС
Бухаресте кадеттер арасында еркін күрестен халықаралық турнир өтті.
48 келіге дейінгі салмақта Атыраудағы Олимпиадалық резервті дайындау орталығының шәкірті Нұрдәулет Базарбаев алтын алқа иеленді.
ЖҮЗУ
Ақтөбеде есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен ҚР чемпионатында Атырау командасы табысты өнер көрсетті.
Ефим Астанин 2 алтын мен 1 күміс алқа (50 метр арқамен, 100 және 50 метр еркін стиль), Анатолий Климов күміс пен қола алқа (100 және 50 метр еркін стильде) тағынды.
ВОЛЕЙБОЛ
Таразда ерлер арасында Ұлттық лиганың ҚР чемпионаты аяқталды.
Жартылай финалда «Атырау» командасы петропавлдық «Есіл» командасынан басым түсіп, финалда хромтаулық «ТНК-Қазхромнан» ұтылып қалды. Нәтижесінде күміс алқаны місе тұтты.
САМБО
Алматыда әскери самбодан халықаралық турнир өтіп, оған Қазақстан мен Қырғызстаннан 200-ден астам спортшы қатысты.
Атыраулық спортшы Еркебұлан Қуанғалиев 52 келіге дейінгі салмақта алтын алқа алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жасұлан Әбубәкіров пен Абылай Құлман күміс алқа, Әлібек Ибатолла мен Рамазан Ибатолла қола жүлдегерлер атанды.