АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Еуроодақ елдерімен Иран мәселесіне байланысты келісімге келе алмады.
Майкл Помпео мамыр айының 13-і күні Брюссель қаласында Германия, Франция, Ұлыбритания елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездесіп, Таяу Шығыс және Иран мәселесін талқылады. Бас қосудан кейін БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген ФРГ СІМ Хайко Мас: «Біз АҚШ пен Иран арасында әскери эскалация болғанын қаламаймыз» - деді.
Ал Франция СІМ Жан-Ив Ле Дриан Уашингтонның Иранға салып жатқан санкцияларын қатаң сынға алып, АҚШ-тың ұстанған жолы қате екендігін мәлімдеді. Бұдан бөлек Майкл Помпео Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі ресми өкілі Федерика Могеринимен Венесуэла мәселесін талқылаған. Онда Могерини аталмыш мәселені демократиялық жолмен шешуді ұсынған. Келісім бойынша, жақын күндері Брюссельден Каракасқа арнайы жұмыс тобы аттанады. Олар мүдделі тараптармен кездесіп, мәселені бейбіт жолмен шешуді талқылайтын болады.
Дереккөз: qazaqtimes.com