Жуырда Атырау облысы айтыскерлерінің арасында тұңғыш рет жекпе-жек айтыс жобасы басталды. Мақсаты - айтыстың қазіргі кезде сирек қолданылып жүрген жұмбақ, өтірік өлең, қайым айтыс секілді жанрларын қайта жаңғырту. Жобаның алғашқы жұбы ретінде исатайлық Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ пен тілшілеріңіз - Құрманғазы ауданы атынан шыққан Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 7 мамырда Құрманғазы ауданында, 9 мамырда Исатай ауданында айтысты.
Таныстыру бөлімінде ақындар өз ауданының тұлғалары мен жетістіктерін жырға қосса, жұмбақ айтыс бөлімінде бір біріне қоғамда болып жатқан жағдайларды жұмбақтап жасырды.
Бұл бөлімінде Нұрбейбіттің:
«...Бір жыр бар көптен бері бітпей жатқан,
Парағын ешкім әлі қайырмады.
Тұрақты оқырманы таксишілер
Бітерін олар қанша уайымдады.
Олар тіпті ол жырды жаттап алған
Талғанша оқып күнде мойындары.
... Арабтар келіп еді жалғаймыз деп,
Келіспей кетіп қалды қаржыменен.
Түріктер бел байлады деп естідік
Жазса екен жарамызды жанды жеген.
Осы жыр қашан болсын біткен күні
Таксилер қуанар еді алдыменен», - деген жұмбағына
Серікбол: «Бұл жұмбақтың жауабын білеміз ғой,
Атырау-Астраханның күре жолы.
Бұл жол деген тек қана такси емес
Барлық мына халықтың тілегі еді.
Жұмбағыңыз шешілді шаруаңның
Шешімі басшыларға тіреледі, - деп жауап берді.
Ал, өтірік өлең айтысында ақындар қоғамда болып жатқан жағдайды керісінше қылып жеткізіп, өтірігі ең қисынсыз болған ақынның ұпайы басым түсті.
Бұл бөлімде Нұрбейбіттің:
«...Бүгінде көп ауданға ортақ жағдай,
Адамдар мол ақшадан тасып жатыр.
Кəсіпорын көбейіп ауылдарда,
Жұмыс орнын күн сайын ашып жатыр.
Ал оған ең жоғары жалақымен,
Жастарды күштеп əкеп қосып жатыр.
Өзің де Нұрсұлтанда депутатсың,
Апта сайын келесің осында кіл.
Ауыл жайы меннен гөрі саған таныс,
Ұйықтай бермей амал тап басынды қатыр.
...Мәселені сәуірге дейін шешіп берсең,
Халық сені дайын тұр өсіруге.
Президент сайлауы келе жатыр,
Жарнама жасасақ та есіміңе.
Ал егер кандидат боп түсіп жатсаң,
Марқайтамыз жасаған тəсіліңе.
Құрманғазы қолдайды деп бюллетенді,
Қазір салып береміз жəшігіңе», - деген өтірік өлеңіне
Серікбол: «Жарайды мен президент бола қалсам
Алдыменен Путинге бармаймын ба?
Астраханды осында қосып алам
Ағайын осы емес пе зар қайғың да.
Басқа басқа президент бола қалсам
Қарызымнан құтылып қалмаймын ба?
Содан соң өзім тұрған Аққыстауды
Серікбол ғып өзгертіп алмаймын ба?,- деп жауап қайырды.
Түре айтыста ақындар аудандардағы кемшілікті сынап, жауаптасып айтысса, қайымда қарсыласының табан астында шығарған өлеңіне сол ұйқаспен жауап беріп ұшқырлықтарын көрсетті. Қос ауданда өткен айтыс соңында өнерпаздар тең деңгейде бағаланып, аудан әкімі тағайындаған 500 мың теңге сертификатымен марапатталды.
Жобаның ұйымдастырушысы Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВТІҢ айтуынша, жоба елбасының Ұлы даланың жеті қыры мақаласына орай ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қолға алынып отыр. Жекпе-жек айтыс енді Индер-Махамбет, Қызылқоға-Мақат аудандары мен Жылыой-Атырау қаласы арасында жалғасады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ