Атырау, 24 қараша 22:51
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ешкім мұндай сынақтан өтпесін...

PR Сурет
4 398 просмотра

«Ембімұнайгаз» АҚ-да әрбір мұнайшы-жауынгер туралы естелік сақталып,  ардагерлер, тыл еңбеккерлеріне және интернационалист-жауынгерлерге қамқорлық жасалады.

Соғыстың 74 жылдығына арналған іс-шаралар тізбегін мұнайшылар өз ардагерлерінің денсаулығына қамқорлық көрсету акциясынан бастады. Бұл жолы ембіліктер «Интертич» мердігер компаниясының медициналық қызметкерлерімен бірге ардагерлерге медициналық тексеру жүргізіп, әрқайсысына қан қысымын тексеретін құралдар сыйлады. Айта кету керек, компания бүгінде ардагерлердің дәрі-дәрмегі  мен емдеу шығындарын толығымен өтеуде.


«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков Атырау қаласындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үйінде жұбайымен бірге тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Славовқа арнайы барып, құттықтады. Биыл ардагер 98 жасқа толды. Ол соғысты Батыс Украинада 20 жастағы бозбала шағында қарсы алған.  Ауыр жараланған соң Н.Славов Астрахань, Сталинград аэродромдарын күзетуге, Вологдадағы Шексна өзеніндегі айлақтың құрылысын бақылауға, ал, электрик курсын аяқтағаннан кейін Каспий маңындағы Гурьев қаласында мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты. Николай Николаевич «Ембімұнайэнерго» – басқармасының өндірістік құрылымдық бөлімшесінен құрметті демалысқа шықты.

- Сіздердің ерліктеріңіз бен қаһармандылықтарыңыздың арқасында бүгін біз туған жерімізде  өмір сүріп, еңбек етуге, ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа бағыт жасауға мүмкіндік алып отырмыз. Компания ұжымы атынан сіздерге Жеңіс үшін шексіз алғыс айтамын. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін, - деп Компания басшысы жылы лебізін жеткізді.

Н.Славов  жұбайы Людмила  Петровна екеуі әркез қолдау білдіріп, әлеуметтік қамқорлыққа алған ЕМГ басшылығына алғыстарын білдіріп, ҰОС ардагері «ешкім ешқашан соғыс қасіретін тартпасын» деген тілегін арнады.

Айтулы күн қарсаңында компания басшылары соғыс ардагерлері - Тайыр ҒҰМАРОВ, Тұраш КӨПТІЛЕУОВ, Құрманбай ДОСЫМБЕТҰЛЫ және Күлән САБЫРАЛИЕВАҒА да барды. Әр ардагерге жеміс себеті мен 200 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат берілді.


Жыл сайынғы дәстүр бойынша мұнайшылар соғыс жылдарында компания аумағындағы "Азалы ана" мемориалының жанында қаза тапқандарды еске алып отырады.

- Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақстандық жауынгерлер майдан даласында ерен ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білді. Тыл еңбеккерлерімен қатар, майданды таза, еш өңдеусіз әскери танктер бактарына бірден құйылған «қара алтынмен» үздіксіз қамтамасыз етіп отырған ембілік мұнайшылардың Жеңісті жақындатуға қосқан үлестері зор. Доссор, Мақат, Байшонас, Қаратон және басқа да кеніштердің мұнайшылары күн сайын тәулігіне 12-13 сағат бойы жұмыс жасап, мемлекет пен майдан алдындағы борыштарын толығымен өтеді.  Соғыс жылдары үш кен орны ашылды. Ұлы Отан соғысы шежіресінде қазақстандықтардың ерліктері алтын әріптермен жазылып сақталары анық, - деді құттықтау сөзінде Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.


Дәстүр бойынша қатысушылар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, «Азалы ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шара мерекелік дастарханмен жалғасты. Ал, 9 мамыр күні Ембі мұнайшылары Жеңіс саябағындағы «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.


14 мамыр 2019, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған