12 мамырда «Астана Аренада» «Атырау» футбол командасы «Қайратты» қабылдады. Ойын тартысты өтіп, «Атырау» өзіне өте қажет жеңіске қол жеткізді.
34-минутта алматылық ойыншы өз айып алаңында атыраулық Владимир ВОМЕНКОҒА қарсы ереже бұзып, төреші белгілеген пенальтиді қорғаушы Ивица ЖУНИЧ шебер пайдаланды.
«Меймандар» бірер минуттан кейін қарымта қайтарып, Адеринсола ЭСЕОЛА гол соқты. Матчтың тағдыры 69-минутта шешілді. Ойыншы алмастырып, алаңға шыққан «Атырау» қорғаушысы Ризван АБЛИТАРОВ «Қайраттың» қақпасының төменгі оң жақ бұрышына дәл көздеді. Осы 2:1 есебі ойын соңына дейін өзгермеді.
Біздің команда бұрынғыша турнир кестесінде соңғы орынның алдына жайғасқан. Бірақ ұпайы «Тараз» және «Ертіспен» бірдей (9 ұпайдан). Рас, «Атырау» екі матч артық ойнаған.
Ал Атыраудағы «Мұнайшы» стадионына жаңа газон төселіп жатыр. Мердігер жұмыстарды мамырдың аяғына дейін аяқтауға уәде берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ