Атырау, 24 қараша 22:38
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Дон «Дракон» Уилсон Атырауда

Сурет Бейнежазба
3 807 просмотра


Облыстық спорт және дәстүрлі каратэ-до федерациясы мен «Қайсар» спорт клубының шақыруымен киножұлдыз, кәсіпқойлар арасында кикбоксингтен 11 дүркін әлем чемпионы, «Айдаһар» атанған Дон УИЛСОН Атырау жеріне келді. Ол федерация және клуб шәкірттері үшін мастер-класс өткізді.


Бұл қалжың емес, шынымен де жұлдыздың нақ өзі. Орта және аға буын үшін аты аңызға айналған, «Қанды жұдырық» (8 бөлімі), «Қара белдік», «Отты шеңбер» және т.б. көптеген фильмдердің жұлдызы Дон Уилсон өзінің киномансабында алпыстан астам фильмде ойнаған. 90-жылдары видеосалондарда жасөспірімдер оның атыс-шабыс қимылдарын, төбелесу тәсілдерін сүйсіне тамашалайтын. Оның көп жылғы спорттық мансабы да тәнті етпей қоймайды. Рингтегі жеңістерінің басым бөлігін «Айдаһар» нокаутпен аяқтайтын. Ол үш түрлі салмақ дәрежесінде әлемдік 11 титулды жеңіп алған.  


...Залға өте бойшаң емес, үстінде футболка мен спорттық шалбары бар адам кіріп, іштегілермен амандасқан соң, «грушаны» соққылап алды.  Жасы 64-те деп айту қиын, мығым соққыларынан күш-қуат сезіледі.

Сәлден соң мастер-класс басталды. Бір жарым сағат ішінде ұл-қыздарға қорғану және шабуылдау тәсілдерін көрсетіп, шайқасу қағидасын түсіндірді. Аз ғана үзілістерде Дон Уилсон спортшыларды өздеріне сенуге, табандылықпен жаттығуға, қанша күшті болып көрінсе де, қарсыласынан еш қаймықпау керектігін айтты. Спортшылар зейін қойып тыңдады, өйткені мұның бәрі бос сөз емес еді.


Мысалдардың бірі ретінде, Уилсон кино мансабына аяқ басарда Арнольд Шварценеггер және Чак Норриспен бірге ток-шоуға қатысқанын, сол жерде олардың кинодағы болашақтарына қатысты күмән келтірілгенін, Шварценнегерде қатты акцент бар, Норрис қартайып қалды, ал Уилсон жеткілікті дәрежеде американдық та, азиат та емес (ол метис - әкесі ақ американдық, анасы жапон қызы – Н.Х.) деген пікірлер айтылғанын баяндады:

- Бірақ әрқайсысымыз өзімізге сенген едік, нәтижесі қалай болғанын өздеріңіз білесіздер.


64 жастағы Дон қазір де күн сайын жаттығады, дұрыс тамақтанады. Тамақтану қағидалары мен құрамын «дұрыс» бодибилдерлерден үйренгенін қалжыңсыз әңгімеледі.  Өзінің дүниеге көзқарасы туралы да бөлісті: бір кездері киноға түсу арқылы жақсы табыс тапқан ол ақшасын өте қымбат көліктерге, гауһармен безендірілген «Ролекстерге» шашқан. Бірақ жылдар өте мұның бәрі бос нәрсе екенін, бастысы – денсаулық пен өмірге деген дұрыс қарым-қатынас екенін түсініпті. Қазір өзі үшін арасында киноға түсіп тұрады, жас спортшыларды жаттықтырады, сонымен қатар, түрлі елдерде мастер-класстар өткізеді. Мұның бәрін жан-тәнімен беріліп жасайтынына көзім жетті.


Мастер-класстан кейін біз де оған бірер сұрақ қойған едік, ол қуана жауап берді.

- Атыс-шабыс фильм титрларында әдетте жекпе-жек көріністерін қоюшының да аты көрсетіледі. Сіздің фильмдеріңізде де осындай хореографтар болды ма, әлде сіз мұны өз мойныңызға алдыңыз ба?

- Жауынгерлік көріністер хореографының керек екені сөзсіз, ол екінші режиссер секілді. Менің фильмдерімде де болды. Егер сенің дайындығың жақсы болса, онымен тығыз байланыста жұмыс жасайсың, бір нәрсе келіспей тұрғанын сезсең, түзетулер енгізесің. Оның үстіне, менің аралас, кунг-фу мен кикбоксинг стилім болатын.

- Бұл фильмдерде төбелесіп қана қоймай, актерлік ойынды да көрсету керек. Сіз актерлік шеберлік сабақтарын алдыңыз ба, әлде бұл тұрғыда өзіңіз үйрендіңіз бе?

- 1985 жылы киномансабым басталарда Лос-Анджелеске көшіп, 3 жыл бойына актерлық курстардан дәріс алдым. Әрине, онсыз болмайды. Ал қазір, айтпақшы, атыс-шабыс фильмдеріне ғана емес, комедияларға, фэнтезилерге, триллер жанрына да түсіп жүрмін. Ақша үшін емес, ләззат алу үшін. Бұрын бір сарынды рөлдерде – зұлымдарды жазалап, әділдік орнататын жағымды кейіпкер ретінде түсетінмін. Бірақ жақында жағымсыз қанішердің рөлін сомдадым. Сондай қызықты болды.

- Нағыз төбелес кинодағы қойылымнан қаншалықты ерекшеленеді?

- Бұл жер мен көктей нәрсе, - деп күлімдеді Дон Уилсон.



Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

13 мамыр 2019, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.