Францияның ұлттық жиналысы (парламенттің төменгі палатасы) өрттен зақымдалған Париж Нотр-Дам шіркеуін қалпына келтіру туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС-қа сілтеме жасап.
Agence France-Presse дерегі бойынша, парламент мүшелері заң жобасын 13 сағаттық пікірталастан кейін қабылдаған. Бұдан кейін ол Сенаттың қарауына жіберіледі. Ол 27 мамырда өтеді.
Атап айтқанда, заң жобасында шіркеуді жөндеуге көмек көрсететін адамдарға салықтық жеңілдіктер беру туралы айтылған. Авторлардың ойынша, заң сондай-ақ қалпына келтіру бойынша бірқатар шешімдер қабылдауды жеңілдетіп, соның ішінде мемлекеттік сатып алу шарасын өткізудің кейбір нормаларынан босатады.
Сонымен қатар, заңда шіркеуді жөндеу үшін жиналған қаражаттың жұмсалуын қадағалау жөніндегі арнайы комитет құру көзделген. Еске салайық, Париж Нотр-Дам шіркеуінде өрт 15 сәуір күні кешкісін шыққан еді, оны тек келесі күні таңертең ғана сөндіре алған болатын.
Алдын ала деректер бойынша, өрт ғимараттың жоғарғы бөлігінде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде тұтанған.
Дереккөз: inform.kz