Атырау, 24 қараша 22:29
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Футболка үшін

Сурет Бейнежазба
6 353 просмотра


«АЖ»-ға белгілі болғандай, 9 мамыр күні таңертең Атыраудағы Авангард ықшам ауданының соңғы аялдамасында полицейлер прокуратура қызметкерлерімен бірге екі азаматтық белсенді Дарья ОЛЖАҒАЛИЕВА мен Дианара МҰҚАТОВАНЫ ұстады. Олардың үстерінде «Шындық» және «Правда» деген жазулары бар ақ футболка болған еді.

- Біз Дианара екеуміз таксиге мінгенбіз. Ұзамай көлікті тоқтатып, бізді сүйреп шығарып, «Газельге» тиеді. Әуелі бізді Полиция департаментіне апарып, кейін мені шіркеу жанындағы тірек пунктіне жіберді, - дейді Дарья Олжағалиева.- Полиция бөлімінде менімен Атырау прокурорының орынбасары Ерлан ҚҰТҚОЖА, прокурор Нұрсұлтан САППАЕВ және Бердібек есімді ішкі саясат басқармасының қызметкері сөйлесті.

- Қандай сұрақтар қойды?

- «Қандай мақсатпен, қайда кетіп барасыңдар?», «Неге бұл футболканы кидіңдер?», «Бұл сендерге неге керек?» деген сұрақтар қойды. Айтпақшы, футболканы алып қалды және бізге «тыныш жүріңдер» деді.

Төрт сағаттан кейін сағат 14:20-да Полиция департаментінің ғимаратынан Дианара Мұқатованы босатты.

- Мен таңертең үйден Дарьямен бірге мейрамға қыдыру үшін шыққан едім. Такси шақырттым, Авангардтың соңғы аялдамасына барып, Дарьямен кездестім. Бізді сол жерде алып кетіп, Полиция департаментіне әкелді, - дейді Мұқатова. – Кейінірек оны полицияның басқа бөліміне алып кеткенін білдім. Менің телефонымды алып қойды. Бірақ Дарья құқыққорғаушы Әсел Нұрғазиеваға хабарласып үлгеріпті.

- Сізге саяси сипаттағы сұрақтар қойды ма?

- Маған жеке сұрақтар қойды. Бірақ мен адвокатсыз ештеңеге жауап бермеймін дедім. Кейінірек экстремизммен күрес басқармасының жедел уәкілі Талғат НӘСІПҚАЛИЕВ келді. Айтпақшы, ол бізді ұстауға қатысты. Төрт сағаттай ұстап, ертеңге жауап алуға шақыру қағазын табыс етті.  

Әсел НҰРҒАЗИЕВА:

- Маған қоңырау соққаннан кейін Авангардқа барып, екі қызды «Газельде» ұстап отырғандарын көрдім. Сәл кейінірек Дарья қай жерде екенін хабарлап үлгерді. Полиция мен прокуратура қызметкерлері Олжағалиевамен және Мұқатовамен ұзақ сөйлесті. Дарьяның футболкасын алып қалды.

- Құқық қорғаушы ретінде қандай баға бересіз?

- Тіпті, комментарий берудің өзі қиын. Олар жазуы бар футболка киіп шыққан, бары сол. Қазір Қазақстанда адамдар өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіргісі келеді. Бұл осымен байланысты шығар деп ойлаймын. Бұл, айтпақшы, ҚР Конституциясында да, халықаралық пактілерде де қарастырылған.

- Сотқа дейінгі тергеу аясында Мұқатова жауап алуға шақыртылды. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес жария етілмейді, - деп комментарий берді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.

- Мен қазір іссапарда жүрмін. Бірақ прокуратура қызметкерлерінің 9 мамырда ешкімді ұстамағандығын анық білемін, - деді «АЖ» тілшісіне облыстық прокуратураның ресми өкілі Қанат ҚАБДОЛОВ. – Бұл ақпарат шындыққа сай келмейді.


Фархат ӘБІЛОВ

Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор

9 мамыр 2019, 21:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.