Атырауда сәби шағында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фин концлагерінде болған Екатерина АБАТЫРОВА тұрады. Ол өзінің соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі өмірінің ауыр кезеңдері туралы «АЖ» тілшісіне әңгімелеп берген еді.
Кейіпкеріміз 1931 жылы Мордова АССР-інде Первомай деревнясында шаруа отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі колхозда еңбек етіпті.
- 1939 жылы Финляндиямен соғыс басталып, фин аумағының бір бөлігі КСРО-ға өткен еді. Финдер өз үйлерін тастап, жер бос қалды. Бізге сол жерге тұрып, шаруашылықпен айналысу үшін жұмысқа тартушылар келді. Ол кезде отбасында 9 бала болдық, әке-шешем және әжем бар еді. Әкем сол жаққа «барлауға» барып келді. Оған ол жер ұнапты: үйлеріміз лашық үй болатын, ал ол жақта үйлер тастан салынған екен. Сөйтіп, бардық. Біздің еншімізге бес бөлмелі үй тиді, - деп әңгімесін бастады Екатерина Серафимовна.
Сол жерде екі жыл тұрып, жұмыс істедік. Бірақ 1941 жылы КСРО-ға немістер шабуыл жасаған кезде, финндер қайта оралып, «келімсектерді» аяусыз жазалаған.
- Олар бізді Германияға қумай, Хельсинки жанындағы Юрокко концентрациялық лагеріне жіберіп, темір торда ұстады. Лагерь өмірін сипаттау өте ауыр. Біріншіден, абақтыдамыз, екіншіден, үнемі аш жүретінбіз, үшіншіден, күзетшілердің көзқарасы еді. Кез келген нәрсеге жазықты қылып, жәбірлеп, ұрып-соғатын. Оларды сондай жек көретін едім. Бір күні финдер отырған үйдің есігін ашып, сол жерге түкірдім. Олар мені ұстап алып, ұрып-соғып, аяқпен тепкілей бастады... Бізбен бірге Вася Тонкобородка болды. Ол бір нәрсеге жазықты болып, оны аттың құйрығына байлады. Ал ат оны сүйретіп,әбден қинады, дегенмен одан да тірі қалды.
Бір жыл өткеннен кейін тұтқындарды Ханко түбегіндегі осындай концлагерьге көшірді. Ол жерде жеті барак болғанмен, бар адамды бір бараққа тығыпты. Тап-тар жерде, бірі сәкінің үстінде, бірі астында ұйықтаған. Бір демеуі, күзетшілер ондай зұлым болмапты.
- Содан кейін бізді тағы бір жерге апарды. Үш тәуліктен кейін теміржолдың жанында жауын астында тұрсақ, санитарлық пойыз жақындады. Іші бос екен, бізді соған тиеді. Әбден қалжырап, титықтағанымыз сонша, сөрелермен бірге қан-қан болған брезент зембілдер бар екенін де байқамастан, ұйықтап кеттік.
Сөйтіп, олар Пернео лагерінен бір шығады. Финдер тегін жұмыс күші зая кетпесін деп ұйғарып, тұтқындарды жергілікті шаруашылықтарға жұмысқа салады. Катяның отбасынан әке-шешесі, ағасы, үш әпкесі жұмыс істепті. Оның өзіне де сиыр баққызған. Лагерьде тек балалар мен қариялар қалған.
Бір күні Катя қожайынның қызымен сиыр бағуға шығып, алаңдап кетіп, малдың қайда кеткенін байқамай қалады.
- «Лехне, лехне, туле!» деп айқайлаймыз. Аудармасы «сиыр, үйге барыңдар» деген сөз. Олар ізім-ғайым болған. Менен қандай бақташы шықсын, кері лагерьге жіберді. Басқаша жазаламағанына шүкір. Бірақ кейін сиыр табылды. Ал балаларға басқа жұмыс тауып берді: ағаш бұтақтарын жинадық, фин отбасылары үшін бөшкеге жидектер тердік. Норманы орындау керек болды. Үнемі ашқұрсақ жүретінбіз, аузыңа жидек салсаң, бітті, ізі қаражидек сия сияқты қалып қояды. Тіпті, котелогың толы болса да, күзетші «Тіліңді көрсет!» бұйырады. Егер тілің көк болса, таяқпен беттен ұратын. Аяғымызда қысы-жазы ағаш қалып болды, өскен сайын аяқта қанталаған мүйізгектер пайда болатын.
...Ал бір күні жидек теріп жүргенде, партизанды көріп қалдық. Бір адам бұта түбінен шығып, орыс екенімді біліп: «Қызым, мені көргеніңді ешкімге айтпа. Қапаланбаңдар, кешікпей сендерді босатамыз» деді. Мен қанат біткендей лагерьге қарай ұштым.
ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАРМЕН ЖЕҢІС КҮНІН ҚАРСЫ АЛДЫМ
Ұзаққа созылған үш жыл осылай өтті. Содан кейін Ленинград қоршаудан азат етіліп, кеңес әскерлері келді. Тұтқындар арасында шегінер кезде фин офицеріне лагерьдегілердің бәрін атып тастауға бұйрық беріліпті, бірақ ол ешкімге тиіспей, бұйрықты орындамапты деген әңгімелер айтылып жүрді. Егер солай болса, о дүниеде ол адамның есебіне жазылған шығар.
Екатерина Серафимовна пойызбен үйлеріне бара жатқан кезде адамдардың өздеріне жеккөрінішпен қарағандарын есіне алды. Кеңес жауынгерлері ересек ер адамдарға «сендер сатқынсыңдар, біздер осы жерде қан төктік, ал сендер отырдыңдар» деп айтып жатты. Мұндайды есту өте ауыр еді...
- Үйімізге оралғымыз келген, бірақ финдер шегінер кезде бүкіл үйлер мен шаруашылықтарды өртеп кетіпті. Уақытша баспанаға орналастық, аштықтан ісініп кеткенбіз. Әкем қалаға барып, қалбырлар алып келді. Сол қалбырларға жабысып, қарнымыз жарылғанша жеп, содан кейін қанды дизентерияға шалдыққанымыз есімде... 9 шақырым қашықтықтағы мектепке бардым. Оған қыста шаңғымен баратын едім. Өйтіп-бүйтіп 4-сыныпты бітірдім. Ал 5-сыныпта оқулықтарым болмады. Тек тарих оқулығым бар болатын. Сыныпқа өтетін емтихандарды тапсыра алмайтынымды білдім. Солай болып шықты. Сондықтан менен неше сынып бітіргенсің десе: «Төрт сынып, бесіншісін дәлізде оқығанмын» деп айтамын.
Бір күні біреу әкесіне Катяның деревняда астық бастыратын әйелге көмектесуге барып, ақысына нан алуға болатынын айтады. Сөйтіп, Катя жұмысқа барады.
- Оның арпа мен бидайға толы үлкен залы болды. Сол жерде егеуқұйрықтар пайда болған екен. Ол менен дәндерді боқтан тазартуды өтінді. Мен іріктеймін, ал егеуқұйрықтар әрлі-берлі жүгіріп жүретін, қатты қорқатынмын... Сол жерде, егеуқұйрықтардың қасында 9 мамырды - Жеңіс күнін қарсы алдым.
...Бір күні әкесін Петрозаводскідегі құрылысқа жұмысқа шақырып, жақсы үйде тұрғызуға уәде берді. Әкесі бүкіл отбасымен бірге сол жаққа аттанады. Ол уақытта Катяның кішкентай інісі – отбасында оныншы бала дүниеге келген еді. Бірақ жұмысқа шақырушы алдап соғыпты: тозығы жеткен барактан бір бөлме ғана берілді. Тамақ жағы да бұрынғыша нашар болған, картоптың аршылған қабығын талғажау қылыпты. Бірақ концлагердегі бірнеше жылдан кейін келген бостандық жүректерін жылытып жүріпті.
«ЖЕЙ ҒОЙ, ПАНЯ, ЖЕЙ ҒОЙ»
- 1946-шы жыл болатын, мен жұмысқа орналасқым келіп, құрбыммен бірге кірпіш зауытына бардым. Зауыттың директоры: «Қыздар, сендерге не керек?» деп сұрайды.
- Біз жұмысқа тұрайын деп едік.
- «Жұмысқа? Бұл сендерге балабақша емес, кәнеки, қолдарыңды созыңдаршы... Мына кіп-кішкентай қолдарыңмен 20 келілік кірпішті көтерем деп тұрсыңдар ма? Оған шамаларың келмейді ғой. Кішкене өсіп алыңдар, содан соң келерсіңдер».
Қалай болғанда да нан табу керек болды, базарда мүкжидек, Петрозаводск орталығында, театр маңында інжугүл саттым. Қарап тұрмын – биік өкше киген, жарасымды жұп театрға келе жатыр, мен болсам өзімнің інжігүліммен тұрмын.
... Бірде үйге келсем, мені тура музыкамен қарсы алғандай болды. Туғандарым маған : «Катя, бір отбасы өздерінің екі кішкене баласын бағуға, үйлеріне көмекші іздейді» - дейді.
Иә, мен онда жұмаққа тап болғандай болдым. Оларда жақсы өмір сүруге қажеттінің бәрі болды, бірақ мендегі картоптың қабығын жинайтын әдетім қала қоймады, оларды мен үйге алып кетіп жүрдім. Бірде үй иесі: «Катя, сіздер мал ұстайсыздар ма?» деп сұрайды. Мен жоқ, оларды өзіміз жейміз деп жауап бердім. Ол болса: «Ақымақ болма, егер саған бірдеңе керек болса айт, қоймадан жіберетін болады» деді. Мені киіндірді, тойындырды. Мен сол кезде бірінші рет ашытылған сәбізді жеп көрдім, дәмін айтсаңызшы. Сөйтіп мен үйге картоп, күріш, нан әкеле бастадым. Жарты жолда мені сіңлім Паня күтіп алатын, бірден нанға бас салып, жей беретін. Мен оған «Жей ғой Паня, жей ғой» деп айтушы едім. Ал, үйде мені тағы да бірнеше аш құрсақ бала күтіп отыратын.
Сол сәтте Екатерина Серафимовнаның дауысы дірілдеп кетті, көзінен аққан жас тамшылары бетін жауып, көпке дейін үнсіз қалды.
«КӨРГЕН БОЙДА, “МЕНІКІ” ДЕДІМ»
...Уақыт зымырап өте берді, Катя бойжетті. Бірде Беломорскіде тұратын үлкен әпкесінен жеделхат келді, ол тұрмыста болатын, егіз бала босанған, жалғыз өзіне қиын болады деп Катяны шақыртқан.
- Мен оған қуана келістім, алайда, басқа қалаға киіп барар ештеңе болмады. Панияның тор көзді көйлегі болатын, анам: «Паня, Катяға көйлегіңді бер, ол не киіп кетеді?» дейді.Сіңлім жылап, кейін көйлегін берді. Мен оған: «Паня, егер аяққа тұрсам, саған крепдешин көйлек сатып әперем» деймін. Сіңлім бойшаң болатын оның көйлегін маған өлшеп, үйлестіріп қысқартып берді, содан мен үлкен апайымның үйіне аттанып кеттім.
Біраз уақыт өте Катя асханаға жұмысқа орналасады. Бір күні әскери киімді бірнеше адам асханаға кіреді.
- Оның ішінде менікі де бар, - деп қабырғаға ілінген суретті көрсетті. – Кейін ол маған «сені көрген бойда менікі екеніңді бірден түсіндім» деді. Ол кезде маған көз салып жүргендер көп болатын, бірақ менің болашақ жарым бәрінен тартып алып кетті. Ол әскери күзетте қызметте болды. Қалада қыдырып жүріп, дүкенге кірдік, ол маған: «саған не алып берейін?» дейді. Мен болсам: «Жоқ ештеңенің керегі жоқ...». Сол кезде үшбұрышты орамал сәнде болатын, маған соны сатып әперді. Ұзақ жүргеніміз жоқ, ол үйленуге ұсыныс жасады. АХАЖ-ға келдік, қол қояр кезде ұлтымызды сұрады. Ол «қазақ» дейді, мен оған «мен сені қырғыз деп ойладым» дедім. Сондай аңғал едік.
Екатерина Ксенофонтова мен Вагаф Абсатыров 1950 жылдың 13 тамызында некелерін қияды. Күйеуінің қызметі бойынша 1968 жылға дейін Сібірде тұрған. Сол кезде Лидия және Анатолий деген ұл-қызы дүниеге келген.
- Күйеуімді Володя дейтінмін, бәрі оны осылай атайтын. Ганюшкиндегі балалар үйінде тәрбиеленген. Отбасында төрт бала болыпты, бірақ әкесі соғыста қаза болып, анасына балаларын асырау қиынға соғып, үшеуін балалар үйіне берген. Сол жерде әскер қатарына аттаныпты. Бірақ кейінірек анасы балаларын тауып алып, отбасы қайта бірікті. Осы себепті біз Гурьевке келдік. Шынымды айтсам, сол кезде келгім келмеді. Ол 1968 жылы отставкаға шыққаннан кейін осы жерге көшіп келдік. Осы жерде үшінші баламыз дүниеге келді. Оның да есімін Лидия деп қойдық. Өйткені үлкен қызымыз бір жыл бұрын қайтыс болған еді. Кіші қызымыздың есімін соның құрметіне қойдық.
Бәрі «күні кешегідей» есінде екен, барлық жерді, адамдардың аты-жөнін, уақыттарын мүдірмей айтып беріп отыр. Әңгімеміздің соңында:
- Сізді шаршатып жіберген жоқпын ба?- деп сұрадым риза болып.
Керемет жанға ұзақ ғұмыр тілеймін!
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ