Атырау, 24 қараша 22:46
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жалғансайлық батырдың жанқиярлық ерлігі

4 200 просмотра

«Взвод командирі Ж. Жұмашев 1944 жылғы 14 шілдеде Любомль қаласына алғаш кіріп, бір өзі автоматымен он тоғыз солдаттың көзін жойды, үшеуін тұтқынға алды…» - бұл Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз Жәміл ЖҰМАШЕВТЫ ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапаттау парақшасында жазылған мәлімет. Батыр туралы осы және басқа да мәліметтерді, сондай-ақ «Совет Одағының батыры» атағына ұсынған құжатты туыстары тек 70 жылдан соң ғана тапқан екен.

Майдангердің немере інісі Жайлыбек КӘКІШЕВТЫҢ айтуынша, соғысқа Кәкіштің төрт ұлы қатысқан. Үлкені Рахим мен Жәміл майдан даласында қаза тапса, бірі елге оралып, бірі із-түсіз кеткен.

- Жәміл менің әкемнің туған ағасы. Ол отау құрмаған, ауылда есепші болып қызмет етіп жүріп, 1942 жылы 7 шілдеде майданға аттанған, - деп бастады әңгімесін Жайлыбек. - Жәміл атамыз соғысқа кеткенде әкем 12 жаста болған. Сол жылы қазіргі Махамбет ауданы Жалғансай ауылынан аттанған 50 сарбаздың барлығы дерлік соғыс даласында көз жұмған. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында көптеген адамдар майданға кеткен туыстарының қайда жерленгені, кім болғаны туралы мәліметтерді ғаламтор арқылы тауып жатты. Сөйтіп біз де бұл істі қолға алдық. Бір күні 8-сыныпта оқып жүрген кенже ұлым Төремұрат ғаламторды ақтарып отырып, атамыздың «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны туралы деректі тапты. Содан Подольск қаласындағы мұрағатқа шығып, көптеген деректер анықталды.

Жәміл Жұмашев ауылдан соғысқа аттанғаннан кейін үй-іші Сталинград қаласына тұрақтағанынын және екі рет ауыр жараланғаны жөнінде хабар алған. Кейін оның 1945 жылы 27 сәуірде Берлин түбіндегі Темпельхоф ауданында ерлікпен қаза тауып, сондағы бауырластар зиратында жерленгені туралы қара қағаз жеткен. Бұған дейін батыр Украинаның оң және сол жағалауын азат етіп, Барвенково-Лозовская, Изюм-Барвенково, Люблин-Брест, Висло-Одерск, Варшава-Познанск, Зеловск-Берлин операцияларына, Берлинді қоршауға қатысқан.

ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, І дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» медалімен марпатталған.

Соғыс аяқталғаннан 70 жыл өткеннен кейін туыстары 1945 жылғы 7 мамыр күнімен белгіленген Жәміл Жұмашевқа «Совет Одағының батыры» беру туралы марпаттау бетшесін тапты. Құжатта «Жәміл Жұмашев Берлин қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде гитлершіл солдаттардың жасырынған ошағын тауып, граната лақтырып, екі неміс пулеметін және автоматымен жиырмаға дейін неміс солдатының көзін жойды» деп жазылған.  

Батыр атағына оны 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы гвардиясының командирі, полковник Марченко, 28-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі, генерал-лейтенант Рыжов ұсынып, әскери кеңес мүшесі, генерал-майор А.Прониннің келісімі тіркелген.

Алайда, сол кезде жиі орын алған жайт, неге екені белгісіз «Совет Одағының батыры» атағын беру туралы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының сәйкесінше жарлығы шықпаған.


«ЕЛГЕ ОРАЛСАҢ, СӘЛЕМ АЙТ»

Жәмілдің соғыстан оралмаған үлкен ағасы Рахым ЖҰМАШЕВ та есепші болып, 1932 жылдан бастап Гурьев облыстық ауыл шаруашылығы бірлестігінде қызмет еткен. Соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. Басында елге хат жазып тұрғанымен, кейін хабар-ошарсыз кетті. Туыстары көптеген жылдар бойы ол туралы ақпараттар іздеп, Витебск облысындағы Паново ауылында болған шайқаста 1944 жылы ерлікпен қаза тапқандығы, сол жердегі бауырластар зиратынан қойылғаны жөнінде мәлімет тапты.

Үйге Рахымнан келген бір хатта оның дала госпиталында Жәмілмен кездескенін жазған. Бір-біріне елге бірінші барсаң, дұғай сәлем айта барарсың деген екен. Алайда екеуіне де елге қайту бұйырмады...

...Жақында Атырау облыстық өлкетану музейінде Жәміл Кәкішұлы Жұмашевтың туғанына 100 жыл толуына орай батырдың ұрпағымен кездесу кеші өтті.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

Суретті түсірген автор және Жұмашевтар әулеті ұсынды

8 мамыр 2019, 10:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.