Жылыой ауданында 200-ден астам шаруа қожалығы бар. Бұлардың көбі мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде шаруалардың басым бөлігі малын айдап, көшін тіктеп, жайлауға қоныстанып үлгерген. Біз Құлсары қаласынан 10 шақырым жердегі «Тайтепкен» қыстағына бардық. Енді бір жетіден кейін бұлар да жайлауға ат басын бұрмақшы.
- Кезінде осы жердегі сай-саланы Жем өзені суға толтырып, бұл жер құс ұшып, аң жүгірген қиқулы мекен еді, - дейді «Саяжан» ШҚ төрағасы Мейрамбай БАЗАРБАЙ. - Жем тартылғалы ылғал жоқ, кеуіп жатыр.
Қыстақтағы соңғы үлгімен жабдықталған үй, тиянақтай аула-қора, сауынға байланған бие, берекелі шаруашылық көз қуантқанымен, ылғалдың аздығынан жер көгермепті, көк көтерілмепті. Сәуірдегі үш күндік көл-көсір жаңбыр да әсер етпегендей, жазық дала жүдеп-жадап жатыр.
- Біз де көшеміз. Соңғы төрт жылда көшпегенбіз, алайда екі жылдан бері жауын аз болып, өр суы да келмей, қуаңшылық иектеп тұр. Сондықтан малды жайлауға айдаймыз,- дейді малшы. – Жайылымды қарап келдік, шөп жақсы көтерілген екен.
Шаруашылықтағы жаңа туған төлдер көңілге қуаныш сыйлайды. Көздері жәудіреген боталар, жер тарпып тұрған құлындар малшы ауылға сән бергендей. Бие сауым жүрді. Мейрамбайдың айтуынша, шаруаның өркендеуіне көмекшілері ерлі-зайыпты Рауаш Бабаназаров пен Зарипа Алақаеваның көмектері зор. Төрт жыл бұрын Өзбекстаннан келген олар Қазақстанға қалуды ұйғарып, азаматтық алған.
Мейрамбай болашқта «Тайкеткен» қыстағынан мал бордақылау алаңын жасап, ет, сүт өнімдерінен түрлі тағам жасау цехын ашқысы келеді. Сонымен бірге бие байлап, қымыз ішіп, түйе сүтінен шұбат дайындап, демалатын орын жасауды да қолға алмақ ниетте.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор