Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ мұнайлы астанадағы бірқатар апатты үйлерді аралап шықты. Олардың көбі ескі жатақханалар. Үйлердің көрінісі бұрынғы дәуірде қалғандай: қабырғаларының тозығы жетіп, төбелерінен су аққан, жертөлелері суға кетіп, сымдары жалаңаштанған, санитарлық тораптары жоқ.
Бүгінде тізімде қала мен ауылдық округтерде орналасқан апатты 20 жатақхана бар. 8 жатақхананың тұрғындары жаңа пәтерлерге көшірілген, қалған 12-сінде тұрғындар әлі күнге дейін өлмешінің күнін кешуде.
- Осы жерде жиырма жылдан бері тұрамын. Бұл ғимаратта бұрын техникум орналасты, студенттер үшін дәретхана сыртта болды. Қазір сол дәретхана да жоқ. Түзге шыққымыз келсе, кешіріңіз, әуелі шелекке отырып, содан кейін төгеміз. Бұл жерде тұратындардың көбі бөлме жалдап тұрады. Олардың үйдің жалпы жағдайында шаруалары жоқ. Ешкім ПИК құрғысы келмейді. Ондай жауапкершілік кімге керек? Басқа үйге көшкенде ғана проблема шешіледі деп ойлаймыз. Бір бөлмелі пәтер болса да, қуанар едік, - дейді А.Құнанбаев көшесіндегі жатақхана тұрғыны.
Облыс орталығында осы жатақхананы қосқанда барлығы 74 апатты үй бар - 1900 пәтердің тұрғындары көшірілуі тиіс. Әдетте, олар мұнда осы үйлер пайдалануға берілген уақыттан бері тұрады және көшу үшін өз кезектерін күтіп отыр.
– Жыл аяғына дейін проблеманы шешпекпіз. Ең алдымен бұл апатты жатақхана тұрғындарына қатысты. Ол үшін бүгінде Атырауда әрқайсысы 240 пәтерден тоғыз қабатты алты тұрғын үй салынып жатыр. Бұл Береке ықшам ауданындағы төрт үй және Нұрсаядағы екі үй. Барлығы 1500-дей пәтер пайдалануға беріледі. Қалған 400-ін мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы аясында салуды жоспарлап отырмыз, - деді Нұрлан Ноғаев апатты үй тұрғындарымен кездесу кезінде.
Өңір басшысының айтуынша, жаңадан берілетін пәтердің ауданы қазіргі тұрып жатқанмен бірдей болады. Айталық, жатаханадағы бөлменің ауданы 40 шаршы метр болса, жаңа пәтердің алаңы да сондай болады, ол бөлек ас үйі мен жуынатын орны және әжетханасы бар бір бөлмелі пәтер.
- Бұл сонда қалай, айталық менде екі бөлме болса, сонда маған тек бір бөлмелі ғана пәтер тимек пе? – деп бір әйел қарсылық білдіре бастады, ал оның сөзіне келесі бір әйел: «Онда мынадай жағдайдағы өзіңнің екі бөлмеңде қала бер» деп жауап беріп үлгерді. Артынша олар тағы да әкімнің сөзіне құлақ түрді.
- Апатты жағдайдағы тозығы жеткен үйлердің мәселесін шешу – бұл жүйелі жұмыс. Біз мұндай шешімге оңай келе қойғанымыз жоқ, жобаларды зерделеп, құжаттарды жасақтап, қаржы бөлдік. Міне, бүгіннің өзінде болашақ тоғыз қабатты үйлердің 4-5 қабаттары да бой көтеріп қалды, - деп жалғастырды сөзін Ноғаев.
–Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде, яғни, осы жылдың соңында аяқталуы тиіс. Біз мына адамдардың алдында ұятқа қалмауымыз керек, - деді ол қасындағы шенеуніктер мен мердігерлерге қарап.
Анастасия АЛЮШИНА
Суреттерді түсірген автор