Облыстағы 159 елді мекеннің 125-і құбыр суымен қамтамасыз етілді. Қалған ауылдарға су көлік цистернасымен жеткізіледі. Биыл 8 сумен қамту нысанын салуға 532 млн теңге бөлінді.
Атыраудың сол жақ жағалауында тәулігіне қуаты 70 мың текше метр кәріз суын тазарту қондырғысының (КТҚ) құрылысы жалғасуда. Оны 2020 жылы тапсыру жоспарланып отыр. Мұнымен қатар оң жақ жағалаудағы қуаты тәулігіне 31 мың текше метрлік КТҚ-ны қайта жарақтау жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Облыстағы елді мекеннің 22 пайызына әзірге табиғи газ берілмейді. Ірі жобалардың бірі – Азғыр ауданының 7 мыңнан астам тұрғыны бар 10 ауылына газ құбырын жүргізу. Құны 10,3 млрд теңге болатын жобада 365 шақырымдық магистралдық және ауыларалық, 67 шақырымдық ауылішілік желілерді салу қамтылған.
Азғыр аймағындағы проблемалардың бірі – Ресейдің электр желілеріне тәуелділік. Құрманғазы ауданы орталығынан Асан ауылына дейін 205 шақырымдық электр тарату желісін салу жоспарланған. Қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ