Атырау, 24 қараша 22:52
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ғаламтордағы алаяқтық тыйылмай тұр

4 887 просмотра


Соңғы кездері Атырау облысында интернет-алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Тауарларды арзанырақ бағамен сатып алғысы келетіндер қаскөйлердің қармағына түсіп қалып жатады. Мәселен, биылғы қаңтар айында 35 жастағы Атырау тұрғыны Shacman самосвалының кабинасын сатып алғысы келіп, интернет арқылы Вячеслав дегенге шығып, оның шотына 1 млн 250 мың теңге аударып жіберген. Кабина 7 жұмыс күні ішінде жеткізілуі тиіс болған. Бірақ...

Енді жапа жегуші полицияға жүгініп, ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-тармағының 4-тармақшасы (Ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен жасалған алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осындай факт Жылыой ауданында тіркелді: өткен жылы Құлсары тұрғыны интернет-дүкен арқылы 500 мың теңгеге көліктің қосалқы бөлшектері мен МАЗ кабинасына тапсырыс берген. Ақшаны шотқа аударған, алайда бір жыл өтсе де, тауар әлі келмепті.

- Өткен жылы Атырау облысында алаяқтық үшін 58 адам сотталды. Оның 3-уі айыппұл жазасын, 25-і бас бостандығын шектеу, 24-і – бас бостандығынан айыру жазасын, 5-уі – шартты түрде мерзім алып, 1-уі рақымшылық бойынша жазадан босатылған. Осы жылдың 1-тоқсанында 9 адам сотталды. Соның ішінде, 6 адам бас бостандығын шектеу, 2 адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, 1-уі рақымшылық бойынша жазадан босатылған, - деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінде.

Алаяқтардан зардап шеккен жандар жоғалтқан ақшалары қомақты болмаса, полицияға шағымданбайды. Амангелді деген жігітті танитын едім. Оған сәуірде қоңырау шалып, телефон нөмірінің «Бақытты нөмір» деген топта болғанын, сөйтіп оның Iphonе X ұтып алғанын хабарлапты:

- Дауысы жағымды бір қыз сөйлесті. Қатты қуандым, көптен бері жақсы айфон сатып алғым кеп жүрген, - деп әңгімелейді Амангелді. – Содан кейін 25 мың теңге көлемінде ҚҚС төлеуге тиіс екенім туралы хабарлама келді. Мен осы соманы олардың картасына аудардым. 20 минуттан кейін жеткізіп беруші курьер хабарласатынын айтты. 20 минуттан кейін де, одан кейін де, менімен ешкім хабарласқан жоқ. Хабарласқан телефон нөмірлері ажыратулы екен. 25 мың теңге үшін шағымданбадым. Бұл олардың ар-ұждандарында қалсын...

Оларда ар-ұят деген жоқ қой. Ондайлар көп. Полиция департаментіндегілер 2018 жылы 812 алаяқтық фактісі тіркелгенін, оның 525-і ашылғанын хабарлады. Ал осы жыл басынан бері 416 факт тіркеліп, 159 қылмыс ашылды.

- Кей адамдардың аңғалдықтары таң қалдырады. Алушының мәліметтерін тексеріп алмастан қалай ақша аударуға болады? Автокөліктің қосалқы бөлшектеріне ақша аударып, алданғандар көп. Пәтер жалдауға қатысты да алаяқтық көп: қылмыскерлер басқа өңірлердің немесе шетелдердің сайттарындағы үйлердің суреттерін пайдаланып, ақшаны картаға аударуды өтінеді, - дейді Атырау облысы бойынша ПД баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА. – Басқа да түрлі тәсілдер көп. Баршаңызды абай болуға шақырамыз! Егер алаяқтардың құрбанына айналсаңыз -102 пультіне немесе криминалдық полиция басқармасына (98-22-79; 98-20-79) хабарласыңыз.

Фархат ӘБІЛОВ

4 мамыр 2019, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.