2019 жылдың 1 қаңтарында Атырау облысындағы мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 3080 адам болды. Оның ішінде, орталық мемлекеттік органдардың қызметшілері - 1520, жергілікті атқарушы органдарда – 1560 адам. Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізіп, көптеген ауыл әкімдері мен орта буын шенеуніктерінің кабинеттері тиесілі көлемнен әлдеқайда кең екенін анықтады.
Департамент басшысы Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВТЫҢ айтуынша, қаржы министрлігінің бұйрығына сәйкес, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім басшыларының қызметтік кабинеттері 15 шаршы метрден аспауы тиіс.
Түгендеу барысында 290 мемлекеттік мекеме қамтылды. Басшылардың кабинет алаңдарының 2 687,7 шаршы метрге нормативтен асқаны анықталды. Атап айтқанда, Құлсары қаласындағы, Жаңа Қаратон, Мақат, Индербор кенттерінің, Жалғансай, Есбол, Қара Арна, Өрлік, Көктоғай ауылдарының ауылдық округ әкімдерінің, Махамбет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшыларының кабинеттері.
Сондықтан департамент пен облыстық қаржы басқармасы ұйғарымдарының негізінде осы әкімдер мен бөлім басшыларының қызметтік орынжайлары нормаға сәйкес қарауындағы мамандарға бөлініп, басшылық мамандар кабинеттеріне жайғасты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ