Атырау, 29 наурыз 20:30
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

ОСК Амангелді Таспиховті президенттікке үміткер ретінде тіркеді

3 227 просмотра


4 мамырда Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысы өтіп, онда Амангелді Таспиховті Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы қабылданған. Бұл ақпаратты орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік БАҚ-тың жазуынша, ОСК-ның хатшысы Сәбила Мұстафина комиссия отырысы кезінде президенттікке кандидат Амангелді Таспиховтың елдің 15 өңірінен (Алматы мен Шымкенттен бөлек - ОСК) 122 770 азаматтың қолын жинағанын айтқан. Тексеру нәтижесінде 119 577 қол жарамды танылған.Бұған қоса, Таспихов кандидат ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комссиясына өзінің кірістері мен мүлкi жөнінде декларация, тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды тапсырған. ОСК төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Амангелді Таспиховқа тиісті куәлікті табыс еткен.

59 жастағы Амангелді Таспиховті биыл 9 маусымда өтетін Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Қазақстан кәсіподақтар федерациясы" президенттікке кандидат ретінде ұсынған.

3 мамырда ОСК Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен "Ұлы дала қырандары" қозғалысы ұсынған үміткер Сәді-Бек Түгелді президенттікке кандидат ретінде тіркеген. "Нұр Отан" партиясы төрағасының орынбасары Мәулен Әшімбаев 3 мамырда "сайлауалды кезеңде Тоқаев президенттік өкілетін атқара береді, заңда үгіт-насихат кезеңінде өкілетті тоқтату туралы талап жоқ" деген.

Биылғы ерте сайлауға елдегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден барлығы 9 үміткер ұсынылған еді. Қазақстан құрылысшылары одағы ұсынған Талғат Ерғалиев кейін құжаттарын қайтарып алды. "Халық демографиясы" ұйымының үміткері Жұматай Әлиев тіл сынағынан өте алмады.

Ал Дания Еспаева ("Ақ жол" партиясы), Төлеутай Рақымбеков ("Ауыл" партиясы), Жамбыл Ахметбеков (Қазақстан коммунистік халық партиясы) және Әміржан Қосановқа ("Ұлт тағдыры" қозғалысы) тіл сынағын тапсырып, сайлаушылардан қол жинауға рұқсат алған.

Кезектен тыс президент сайлауына кандидат тіркеу 11 мамырда аяқталады.

Қазақстанда 30 жылға жуық билік құрған Назарбаев 19 наурызда кенеттен президент қызметінен кететінін жариялап, сайлау өткенше Қасым-Жомарт Тоқаев президент болатынын айтқан. Тоқаев 20 наурызда ант беріп, президент қызметіне кіріскен. 9 сәуірде Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.

Қазақстандық кей оппозициялық ұйымдар ерте сайлауға бойкот жариялаған.

1 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүздеген адам наразылыққа шығып, биліктен әділ сайлау өткізуді талап етті. Олардың кейбірін кейін әкімшілік жазаға тартты.

Дереккөз: Азаттық радиосы

4 мамыр 2019, 11:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.