3 мамырда шаңды дауыл Атыраудың астан-кестеңін шығарды. Ауа райының күрт өзгеруі салдарынан кейбір ықшам аудандар жарықсыз қалып, нашар көрінетіндіктен жол бойында кептелістер пайда болды. Ал кейбір үйлердің шатырлары жұлынып кетті. Бақтарына қарай, құрбан болғандар жоқ.
Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада дауылдың Балықшыдағы №19 үйдің шатырын жұлып кеткені бейнеленген. Сәуірдің басында да бұл үйдің шатырының бір бөлігін жел көтеріп кеткен болатын.
– Бұл үй 1985 жылы салынған. 2012 жылы терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер тарапынан оның кепілдік мерзімі өтіп кеткен, - дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ. – Бірақ біз олармен сөйлесіп, кәсіпорын осы үйдің шатырына жөндеу жүргізеді деп келісімге келдік. Әзірге бізде осы үй бойынша ғана ақпарат бар. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында ТКШ, тұрғын үй инспекциясы, арнаулы автобаза мамандары жұмыс істеді, ал жол полициясының қызметкерлері осы жердегі қозғалысты бірнеше сағатқа жауып тастады.
ТЖД басқармасының бастығы Қайрат ТЕМІРБОЛАТ 2 мамырда «Қазгидромет» филиалынан желдің секундына 22 метрге дейін күшейетіні және шаңды дауыл тұратыны жөнінде ақпарат түскенін, кәсіпорын, аудан басшыларының бәріне құлақтандырылғанын айтты. ТЖ қызметкерлері өкілетті органдармен бірлесіп, қала мен аудандарда қолайсыз ауа райында жұмыс жасайтын штаб құрды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті, бейнежазбаны түсірген автор және куәгерлер