Жапонияда жаңа император Нарухито таққа отырды. Бұл да бір тарихи оқиға, өйткені соңғы 200 жылда елде өз еркімен тақтан бас тартқан император болмаған. Ақылына бағынған Акихито мұрагерін көзі тірісінде сайлап, жапон жылнамасына жаңа тармақ қосты.
Ұлықтау рәсімі императорлық сарайда өтті. Дәстүр бойынша жаңа патшаға семсер мен магатама асылы және ресми құжаттарға басатын мөрлер табысталды. Таққа отырғаннан кейін Нарухито сөз сөйледі. Халыққа жасаған алғашқы үндеуінде император мемлекет пен халық бірлігін нығайтуға және Конституцияға сәйкес әрекет етуге уәде берді.
Нарухито, Жапония императоры:
- Таққа отырып, Құрметті императорымыздың ізімен жүруге және бұрынғы өзге де патшаларымымыздың жолын ұмытпауға, өзімді жетілдіруге ант беремін. Сонымен қатар Конституцияға сәйкес әрекет етуге серт етемін. Шын жүректен халқыма бақыт, елімнің өркендеуін және бүкіл әлемде бейбітшілік орнауын тілеймін.
59 жастағы Нарухито Жапонияның 126-императоры болды. Енді бұл елде тақтағы император және биліктен бас тартқан құрметті император бар. 30 жылға созылған Хэйсэй дәуірі аяқталып, жаңа Рэйва дәуірі басталды.
Тощиясу Уэмачи, Токио қаласының тұрғыны:
- Өзгерістер міндетті түрде болады деп ойлаймын. Соңғы император 30 жыл бойы елді керемет басқарған. Бүгін жаңа императордың таққа отыруына куә болдым. Ол әкесінің жетістіктерін сақтауға бар күшін салуға уәде берді. Сондай-ақ ол жаңа Жапонияны құратын болады. Мен ғана емес, бүкіл халық осыны күтіп отыр.
Котори Нагаи, Токио қаласының тұрғыны:
- Хэйсей дәуірінің басты жетістігі бейбітшілік. Енді жаңа Рэйва дәуірі бұл мүлдем өзгеше кезең, жаңа сындар болады. Бірақ Жапония гүлдене беретініне сенемін.
Такао Нагаи, Токио қаласының тұрғыны:
- Бірден түбегейлі өзгерістер бола қоймас деп санаймын. Жаңа дәуір де бейбітшілік пен амандықта өтетініне үміттімін.
Жапония тұрғындарының көбісі император Нарухито әкісінің жолын қуып, Рэйва дәуірі бейбітшілік пен жақсылық кезеңіне айналатынына сенеді.
Дереккөз: 24.kz