Атырау, 24 қараша 22:37
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Шағын ел» балаларды үлкен өмірге қалай дайындайды

Сурет
5 589 просмотра


Қарапайым, көнетоз джинсы киген ол оң қолымен көзін шақырайған күн сәулесінен көлегейлеп, теріс қарап тұр екен. Оған қарай бірнеше қадам аттадым да, иығынан сәл ғана түрттім. Сөйтіп, ғажайып жандар туралы түсінігім жаңа адаммен толықты...

2017 жылы «Атырау. Шағын ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ ерекше балалардың мұқтаждығы үшін әлеуметтік ауыл  салу мақсатында биліктен 5 гектар жер алған еді. Содан бері екі жылдан астам уақыт өтті. Бұл жерде жұмыстардың қалай жүріп жатқанын және осы уақыт ішінде Ерланның қандай жетістіктерге жеткенін білмек болдым. Кездесу туралы онымен алдын ала келісіп алған соң, сенбі күні таңмен ертелетіп Шағын елге аттандым.

- Бір жыл бұрын бос жатқан жер болатын, бүгінде шабындығымыз, ат қорамыз, шағын кеңсеміз бар. Су, газ жүргізілген. Тіпті, автономдық электр станциямыз да бар, - деп жетістіктерімен бөлісті Ерлан.

Ерлан экскурсияны өткен жылдың көктемінде «Шағын елге» тарту етілген жылқыларды таныстырудан бастады. Қазір иеліктерінде Уфа жылқы зауытынан әкелінген башқұрт тұқымды сегіз жылқы бар екен.  

- Бұларды негізінен міну үшін емес, күш ретінде пайдаланады, - деп әңгімелейді Ерлан. – Өздері жуас, иппотерапиямен айналысу үшін өте қолайлы тұқым. Айтпақшы, осы туралы айтайын. Біз көп уақыттан бері осы емдеу әдісін жақсы жағынан танытып жүрген Грузия еліне бардық, барлық қажетті білімді сол жерден алдық. Грузин мамандары бізге арнайы құралдардың көмегімен иппотерапиямен шұғылданған кезде баланың ішкі ағзаларында қандай өзгерістер болатынын көрсетті. Біз үшін бұл өте маңызды білім, өйткені оның негіздерін білмесе, балаға зиян келуі мүмкін, - деп түсіндірді Ерлан.

Сұхбаттасушымның айтуынша, көп ұзамай Атырау балаларды емдеу үшін ғылыми иппотерапияны қолданатын алғашқы өңірге айналады екен. Бұл жағдайда оңалтуға емес, емдеуге баса назар аударылады.



«ТАЗА АУАДА ЕҢБЕК ЕТУГЕ КЕЛІҢІЗДЕР»

Әңгімелесіп тұрған кезде қасымызға ақ кепка киген сүйкімді қыз жүгіріп келді:

- Ерлан, ммм... жылқының тезегін қай жерге жинасақ екен?

- Мына төбеге үйіңдер, - деді Ерлан күлімдеп.

- Ерлан, жануарларды кім бағады? – деп сұрадым мен.

- Шынымды айтсам, бұл өзекті мәселе боп тұр. Малшылар ұстамаймыз, өйткені 90 мың теңгеден төмен жалақыға ешкім жұмыс жасағысы келмейді. Ал біз үшін бұл да өте көп ақша – бұған ауыл құрылысы үшін қаншама құм мен қиыршық тас сатып ала алатынымды үнемі ойша есептей бастаймын.

Жылқылардан басқа Шағын елде сиыр да, бұзау да бар екен. Бақташылары болмағандықтан Ерлан мен оның көмекшісі бүкіл жұмысты өздері атқарады. Шөбін беріп, сүтін сауады, күтім жасайды..

- Жануарларға күтім жасауға материалдық қана емес, еріктілер көмегі де көп септігін тигізер еді. Жер мен жануарлар күтімі үшін қосымша күш ешқашан артық етпейді.

Сол күні Шағын ел әлеуметтік ауылына ТШО еріктілері де барыпты. Ақ кепкалы ұяң қыз Майя ШАМЕНОВА - «Ынтымақ» қоғамдастықты дамыту бағдарламасының жетекшісі екен. Қоғамдастықтағы еріктілер қайырымдылық, білім беру, әлеуметтік және экологиялық бағыттар бойынша қызмет етеді.

- Біз 2012 жылдан бастап Теңізшевройлдың қолдауымен жұмыс жасап келеміз. Осы компанияның қызметкерлерін еріктілікке тартуға жұмыстанамыз. Ағаштар отырғызып, шабақтарды құтқарамыз. Күні кеше ғана өзен жағалауын қоқыстан тазарттық. Жақында Ерлан бізге Шағын ел аумағын тазартуға көмектесу жөнінде өтініш айтқан еді. Біз, әрине, келістік, - деп әңгімесін бастады Майя.

- Бос қол келмеді, өздерімен бірге 45 көшет ала келді, - деп Ерлан әдеппен сұхбаттасушымның сөзін бөлді. – Олар бірнеше күн бұрын КамАЗ-бен қара топырақ әкелді. Көшеттерді отырғызу үшін бір метрдей тереңдікте шұңқырлар қазып, тыңайтқыштарды дайындап, 30 литрден су құйып кетті.

- Бұлар «Frends of Atyrau» тобының мүшелері, бәрі де ТШО қызметкерлері, - деп Майя қайтадан әңгімеге араласты. - Өткен жылы Химпоселкедегі тіл мүкістігі бар балаларға арналған интернаттың аумағына көшеттер отырғыздық. Бүкіл стандарттар сақталғандықтан 30 көшеттің бәрі де жерсініп кетті. Біз санына емес, сапасына мән бердік. Онсыз да қолайсыз жағдайда жерсініп кетуі екіталай сазды жерге көшеттерді шанши салғымыз келмейді.

ӨЗІН-ӨЗІ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ИДЕЯСЫ

Майямен тілдескен соң Ерлан екеуміз Шағын елге саяхатымызды жалғастырдық.

- Ерлан, сіз бірде өзін-өзі қаржыландыру жөнінде айтқан едіңіз. Мұны қалай елестетесіз?

- Әрине, өмір бойына қол жайып жүрмейміз ғой. Қалдықсыз экологиялық өндірісті жолға қойғымыз келеді. Мысалы, мына биологиялық қоқыстан компост дайындап, көкөністер мен жеміс-жидектер өсіретін фермаларға сатуға болады. Оның үстіне, өзіміз де осымен айналысқымыз келеді. Бірақ кішкентай нәрседен бастау керек қой. Бізге өсімдіктерді топырақсыз өсіруге мүмкіндік беретін гидропоникаға арналған арнайы тұғырықтарды тарту еткен еді. Әсіресе, микрокөкөністерді дұрыс тамақтану салтын ұстанушылар жақсы бағалайды, мейрамханаларға да сатар едік. Сондай-ақ, жебіршөп, өгейшөп, шалғын өсіргіміз келеді. Кептірілген жапырақтары мен гүлдері кішігірім жастықшалар жасау үшін қолданылады. Мұндай шөптердің хош иісін жұту емдік әсер береді.

Сіз таң қалатын шығарсыз, бірақ балалардың көпшілігі, мысалы, сәбіздің немесе картоптың қайдан шығатынын білмейді. Егер сұрасаңыз, олар дүкенде болады деп жауап береді. Сондықтан қаланың балаларына осында келіп, алдағы уақытта біздің жерімізге жұмыс істеген қызықты болар еді. Бау-бақшада жұмыс істеу біздің ерекше балаларымыз үшін де өте маңызды. Олар процеске араласып, қол еңбегі арқылы қолдың моторикасын дамытады, саналы түрде жұмыс істеп, тікелей мағынада ашыла түседі. Буындары қимылдап, иықтары түзеліп, қолдары босаңсиды. Әрине, болашақта бау-бақшамыздың өнімдерін адамдардың аяушылықпен сатып алғанын қаламаймыз, біз үшін сапасы да бірінші орында болады.

 

АМЕРИКАНДЫҚ РАНЧО ЖӘНЕ МАМЫҚ СИМВОЛ

Шағын ел аумағында өткен жылы атқора салыныпты. Бұл туралы Ерлан ерекше құлшыныспен әңгімелеп берді.

- Біз оны енді сала бастағанда, тілеулес жандардың бірі қоңырау шалып, біздің бастамамыз туралы білетінін және екі машина қиыршық тас пен екі машина құм әкеліп төгуге әзір екенін айтты. Кеңсесіне келіп, біздің жобамыз туралы толығырақ айтуымды өтінді. Біздің жобамызға шабыттанған қамқоршымыз атқораны түгелдей өз қаржысына жоғары сапалы құрылыс материалдарынан салып берді. Сондай әдемі қып салынған, көбі американдық ранчоға ұқсайды деп айтады. Осы қыста оны өз мақсаты бойынша пайдаланған жоқпыз. Башқұрт мамандарымен кеңесіп, қыс жылы болғандықтан жылқыларды атқораға кіргізбедік. Бұл жер таза, жарық. Енді қабырғаларын ақтап, мал байлайтын жердің аралықтарын сырлағымыз келеді. Жалпы, басқа жер болмаған соң осы орынжайды сынып ретінде пайдаланамыз. Кілемдер төсеп, үстелдер, орындықтар қоямыз. Бір танысым маған: біреу суретке түсіріп алып, әлеуметтік желілерге салып жіберсе, балаларды өткен ғасырдағыдай атқорада оқытып жатыр екен деп елге күлкі болармыз деп ескерткен еді. Бірақ ешкімнен қысылмаймын. Қолымнан келгенше жасап жатырмын. Әрине, бәрін тез салып бітіргің келеді. Уақыт – біздің қас дұшпанымыз. Уақыт өткен сайын емдеу де, оңалту да, балаларды «үлкен» әлемге қайтару да қиын болады, - деді Ерлан. Сол кезде аяғына бір мысық орала кетті. – Ал мынау біздің Ерғали, әбден құр сүлдері қалған күйінде келді, удай арық, құйрығы бірнеше жерден сынған екен. Дәрігерден дәрігер қалдырмай, емдеп алдық. Енді ол дертті жеңген біздің мамық символымызға айналды.

Балалармен сабақ өткізу үшін Ерлан болашақта бірнеше киіз үй сатып алуды жоспарлап отыр. Біріншіден, бұл орынжай салудан әлдеқайда арзан. Екіншіден, ауылда қазақ халқының тұрмысы мен дәстүріне қызығушылық танытқан шетелдік қонақтар үшін шағын ғана, бірақ қажетті табыс көзі болатын экскурсия ұйымдастыруға болады.



ОЛАР СӘЛ БАСҚАША, БІРАҚ ОЛАР ДА ОСЫ ӘЛЕМДЕ ӨМІР СҮРЕДІ

Шағын ел ауылының аумағы ашық болғандықтан, кеулеп соққан жел жиналған қоқыстарды шашып жатыр. Біздің климатымыз қатал болғандықтан балалармен иппотерапия сабақтарын өткізу үшін манеж салу керек.

- Жер бетінде қаншама мейірімді жандар бар екеніне сондай таң қаламын. Бізге манеж қатты қажет еді. Достарымыз бен басқа елдің адамдары құрылыс үшін қажетті соманы жинап берді. Осыдан кейін қалай бей-жай қаласың? – деп шаттанады Ерлан. Ал менің көзіме жас үйіріліп қалған еді.

Манежден басқа Ерлан сахнасы мен көрермендер залы бар жазғы балалар театрын салуды жоспарлап жүр екен.

- Біздің балалар өнер көрсеткенді жақсы көреді. Түсініксіз айтса да, оларға қошемет көрсеткен қатты ұнайды. Позитивті эмоция олардың сауығуына септігін тигізеді. Қарапайым балалар демалуға келіп, науқас балалармен араласып, оларға көмектесу үшін осы жерден лагерь салса, тіпті, керемет болар еді. Бізде, өкінішке орай, ата-аналардың көпшілігі дені сау балаларын науқас баладан алшақ ұстауға тырысады. Олай болмауы тиіс. Ерекше балаларымыз дені сау балалар сияқты болмаса да, еркін қозғала алмаса да, өміріміз бен қоғамымыздың толыққанды бір бөлігі, - дейді Ерлан. – Біздің мақсатымыз – Шағын елдегі осы балақайларды үлкен өмірге дайындау. Олардың ата-аналары жандарында мәңгі жүрмейді ғой, өкінішке орай, ерте ме, кеш пе, бұл өмірден кетеді. Сол кезде балаларға өздерінен басқа ешкім көмектесе алмайды.

Әңгімеміздің соңында Ерлан оқырмандарымыздан ұяла көмек сұрады. Қаржылық емес, еріктілер көмегін.

- Бірер адам көмекке келсе, шексіз риза болар едім. Келіңіздер,  Шағын ел еріктілерге қашан да қуанышты.

Анастасия Алюшина

2 мамыр 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.