Атырауда Қазақстан халқының бірлігі мерекесі аталып өтті. Орталық Сұлтан Бейбарыс алаңына жиылған жұртшылықты облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ құттықтады.
– Халқымыз ең қызықты да, қиын да шақтарды бастан өткерді. Қиыны сол, тағдыр тәлкегімен жерімізге көшірілген сан ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақ жұрты бауырға басты. Өзінде жейтін азық пен киерге киімі болмаса да, оларға қамқорлығын аямады. Бүгінде сол ұлттан тараған ұрпақ ақжарма алғысын әлі күнге шейін білдіріп отыр. Осылайша, біз Тұңғыш Президент – Елбасымыздың мемлекеттік бағдарламаларымен баянды болашаққа қадам басудамыз. Соның бәрі елдегі ауызбірліктің арқасы екенін естен шығармаған жөн. Халық арасында “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “Ырыс алды – ынтымақ”, “Бөлінгенді бөрі жейді” және басқа да көптеген нақыл сөздер бекерге айтылмаған,- деп ықыласын білдірді.
Осыдан кейін жергілікті этномәдение бірлестік мүшелері ән-биден шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Соңы Ұлттық Ұлан қатарындағы өнерпаздардың шығармашылық концертіне ұласты.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор