Атырау, 30 желтоқсан 23:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Спорт жаңалықтары

5 231 просмотра

КАРАТЭ


Малайзияның Кота-Кинабалу қаласында 21 жасқа дейінгі жастар мен кадеттер және юниорлар арасында WKF-каратэ-до (олимпиадалық нұсқа)  бойынша Азия чемпионаты өтті.

Бұл турнирде Жапония мен Қазақстан құрамаларының спортшылары оқ бойы озық болды. Ұлттық құраманың 12 мүшесі ақтық сайысқа шықты, олар күншығыс елінің өкілдерімен кездесті. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржыны 2 алтын және 10 күміс медальмен толықты. Бір алтын мен бір күмісті атыраулық «Қайсар» (бапкерлер А.Рахман, С.Торғаев, Б.Ізбасқанов) спорт клубы тәрбиеленушілерінің  жеңіп алуы мақтаныш болды. Ол жеңімпаздар Бейбарыс Жаңбыр мен Әбілмансур Батырғали. 


ЕРКІН КҮРЕС

Атыраулық балуан Талғат Сырбаз Түркияда өткен "Champions" санатты халықаралық жастар турнирінде қола жүлдегер атанды.

65 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Талғат бірінші айналымда-ақ, румын балуанын 10:0 есебімен тізе бүктірді, одан кейін де осы есеппен боз кілем қожайындарының өкілін ойсырата жеңіп, жартылай финалда тағы бір Түркия спортшысына есе жіберіп алды. Ал, «қола» үшін болған белді айқаста әзірбайжандық қарсыласынан 6:5 есебімен басым түсті. Танылып келе жатқан спорт жұлдызын Аслан Жаманбаев пен Нәсіпқали Каукенов жаттықтырады.


БОКС

Мәскеуде Ресей, Қазақстан, Румыния, Италия, Черногория, Сербия және Белоруссиядан  келген 200-дей спортшы қатысқан "В" санаты бойынша халықаралық әйелдер турнирі болды.

ҚР құрамасында болған атыраулық Дильназ Бағыт қола медальды жеңіп алды. Бірінші жекпе-жекте ол мәскеулік Ариана Максимовадан басым түсті, бірақ, жартылай финалда Италиядан келген Анари Лусисеге есе жіберіп қойды.

* * * * *

Аягөз қаласында  М.Қасымов және  М.Кешкиловті еске алу құрметіне орай 2005-08 ж.т. жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.

Атыраулық жас былғары қолғап шеберлері марапаттың толық жиынтығын алып қайтты:  «алтын» - Ерсайын Бақытбек, «күміс» - Жарасқан Сапиев, «қола» - Ерназар Өтешов. Балаларды жаттықтырушылар Ж.Молдашев және А.Ғаббасов дайындады.

* * * * *

Исатай ауданының БЖСМ боксшылар командасы Қостанай облысында өткен республикалық турнирде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. 

"Алтынды" Ержігіт Әнесұлы, Алсам Хиникин, Ернұр Қуандықұлы және Айдынғали Мұхамбетали жеңіп алды, «күмісті» - Расул Зинурұлы және Ғаллам Ернар, «қолаға» - Жақсылық Азамат ие болды. Бұдан басқа, Ғ.Ернар "Үздік техникасы үшін" жүлдесін иеленді. Спортшыларды А. Меңдіғалиев А. Өтегенов  және Н. Тлекқабылов дайындады.


КИКБОКСИНГ

Семейде К-1 санаты бойынша ел чемпионаты өткізілді. Атырау құрамасы  3 алтын және 2 қола жүлдемен оралды.

Жандос Назарбеков ересектер арасында чемпион атанды. Жастар арасынан - Сәлімжан Сәлімгереев және Аян Жанболатов шықты. Қола медаль жастар арасынан  Әсет Темірбаев пен Тимур Кимге бұйырды.


КЛАССИКАЛЫҚ КҮРЕС

Қытайдың Сиань қаласында грек-рим күресі бойынша Азия чемпионаты өтті.  

Қазақстан құрамасы бұл турнирде орташа деңгейде өнер көрсетті. Бір күміс және екі қола қанжығаға ілінді, оның біреуін 82 келіге дейінгі белдескен атыраулық Мақсат Ережепов жеңіп алды.


ДОЙБЫ

АМжГУ спорт кешенінде дойбыдан (64 шаршы) Атырау облысының бірінішілігі болып өтті.

Жүлделі орындарға (1-ші және 3-ші орындар) жасөспірімдер Мақсат Өтеғұлов, ағайынды Бекарыс және Алтынбек Жұмалиевтер; (қыздар) Данагүл Жұмалиева, апалы-сіңлілі Жібек және Жанель Әдиет ие болды.


ДЖИУ-ДЖИТСУ

Павлодарда ҚР Кубогі өтті. Атыраулық спортшылар бұл турнирде медалдардың толық жиынтығын иеленді.

"Алтынды" Тыныс Бисалиев жеңіп алды, "күміс" - Алғыс Байтемировке, "қола" - Ақниет Ғабитке бұйырды.


ПАНКРАТИОН

Нұр-Сұлтанда панкратион бойынша ел чемпионаты болды. Атырау командасы 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

Райымбек Дүйсенов пен Жұмагелді Жалғасұлы чемпион, Нұрымжан Ғаббасов күміс жүлдегер, Әділбек Қайырғали, Шыңғысхан Камалов, Алексей Ишин және Ақбөбек Ерғалиева қола жүлдегер атанды.

Турнир аясында ардагерлер арасында болған белдесуде «Қайсардың» жаттықтырушылары көзге түсті: Нұрберен Әміржанов және Саламат Қайырғалиев «күміске» ие болса, Артур Әбілхайров пен Бейбіт Ибішев – «қола» жүлдегер атанды. «Жігіттердің бірқатары 40-тан асып барады, ал, олар өз балаларымен бірге белсенді түрде жаттығады. Жігіттердің күші әлі де тасып тұр!» деп жазды «Қайсар» спорт клубының басшысы Айбат Рахман өзінің ФБ парақшасында.


ТАЭКВОНДО

Ақтөбеде А.Шылманов жүлдесі үшін халықаралық турнир өтті.

Атыраулық спортшылар Шахадат Саленова, Әсел Мақсот, Әлия Тілеген, Жаннұр Боранқұлова және Есбол Елеусінов қола медальды жеңіп алды.  


ДЗЮДО

Мәскеуде  2002-04 ж.т. жасөспірімдер арасында дәстүрлі "Весенние надежды" турнирі болды.

Алтын медальды атыраулық дзюдошылар Дархан Теңелбай және Олжас Құмар жеңіп алды.

* * * * *

Махачкалада жасөспірімдер арасында дзюдодан халықаралық турнир өтті.

Атыраулық спортшы О.Құмар күміс жүлдегер атанды, Саят Сүйенов пен Нұрсат Ерболат «қолаға» ие болды.  


САМБО


Атырау командасы Оралда спорттық және әскери самбодан өткен  5-ші жазғы спартакиадада жақсы нәтижемен көзге түсті. 

Спорттық бөлімде Жұмабай Парасат, Наурызбек Майлашев, Қалжан Тайжанова, Эльмира Самиғоллаева және Айдынбай Қайырберды жарыстың жеңімпаздары деп танылды. Әскери самбо бойынша Серікжан Түсіпов жеңімпаз атанды, ал күміс медаль Гүлзада Алмаз бен Еркебұлан Қуанғалиевтың еншісінде қалды. Команданы аға жаттықтырушы Қайрат Досқалиев дайындады.


ФУТЗАЛ

«Атырау» ДСК ардагерлер арасында Атырау чемпионатының соңғы туры өтті. Көшбасшы болған «Алламан» чемпионатты жеңіспен аяқтады, ол аутсайдер «Университет» командасынан 10:1 есебімен басым түсті.

«Алламанның» ойыншысы Айбек Айталиев «Турнирдің үздік ойыншысы» атанды, ал, оның 16 гол соққан командалық серігі Бауыржан Досқалиев – «Үздік шабуылшы» деп танылды.

Екінші және үшінші орындарды «Кедентранссервис» пен «Залина» иеленді.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

2 мамыр 2019, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.