Атырау, 24 қараша 22:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қоршаған ортаға әсерді бағалау қағаз жүзінде қала ма?

5 175 просмотра


Атырауда XVI халықаралық құқықтық конференцияда Үкіметтің жыл соңында парламентке ұсынатын жаңа Экологиялық кодексінің жобасы талқыланды. «Қазэнерджи» қауымдастығының атқарушы директоры Заңғар НОҒАЙБАЙДЫҢ пікірінше, ең маңызды сәттердің бірі - ҚОӘБ (қоршаған ортаға әсерді бағалау) реформасы болуы тиіс, өйткені ол бүгінде тек қағаз жүзінде ғана қалып отыр.

- Мысалы, бізде жер телімі мен дайын жоба болады, инвестициялар салынады, содан кейін ғана кезең-кезеңімен ҚОӘБ жасаймыз. Яғни, экология процестің алдында емес. Шетелде ҚОӘБ-ге құжат ретінде қарамайды, ірі объектілерге қатысты болса, ол бірнеше жылдарға созылатын ұзақ процесс ретінде қарастырылады.

Атырауда өткен ҚОӘБ жөніндегі қоғамдық тыңдауларда жергілікті экологтар мен қоғамдық белсенділердің ашулы сөздеріне ірі жобаларға мүдделілердің өте сабырлы кейіпте жауап беретіні еске түсе кетті. Иә, көп жағдайда тыңдаулар жәй шара ретінде ғана өтеді.

Жобаның, әсіресе, Атырау облысының тұрғындары үшін қызықты болатын бірнеше тармағы бар.  

Сарқынды суларды төгу кезіндегі экологиялық талаптар

Табиғи жерүсті және жерасты су объектілеріне сарқынды суларды тек тиісті экологиялық рұқсат болған жағдайда ғана құюға рұқсат етіледі.

1) «Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңында белгіленген тәртіппен рұқсат етілген өзінің немесе басқа зертханаларда сарқынды сулардың химиялық құрамын анықтауы қажет;

2) құзіретті мемлекеттік органдарға және санитариялық-эпидемиологиялық қызметке ластаушы заттардың апатты төгінділері туралы, сондай-ақ, жерүсті және жерасты суларын алу және сарқынды суларды төгу (айдау) объектісінің белгіленген режимді бұзуы туралы жедел ақпарат беруге міндетті.

Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi мемлекеттiк қорық аймағындағы шаруашылық және өзге де қызмет режимiн шектеу

Каспий теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiндегi қорық аймағында келесі пайдалану режимi белгiленедi:

- теңізде балықтардың қалыпты уылдырық шашу жүрісін және олардың шабақтарының ширауын қамтамасыз ету үшін 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейінгі кезеңде Жайық пен Еділ өзендері сағасындағы аудандарда Еділ өзені сағасының қазақстандық бөлігіндегі теңізге қарай сұғына енген нүктесінен және Жайық өзені сағасының теңізге қарай сұғына енген нүктесінен 50 километр радиуста, сондай-ақ жағалау сызығынан ені 15 километр белдеуде жоғарыда көрсетілген сағалар бойындағы кеңістікте және одан шығысқа қарай Жем өзеніне дейінгі аралықта құрылыс және геофизикалық жұмыстар жүргізуге, ұңғымаларды сынауға және кеменің жүзуіне тыйым салынады. Бұл ретте балық аулауды және оны тасымалдауды жүзеге асыратын кемелер қозғалысына, навигациялық ахуал құралын қоюға, ауыстыруға, алып тастауға және тексеруге, өкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол беріледі;

- аталған кезеңде мұнай өндіру процесі жабдықтармен, химиялық реагенттермен, жанар-жағармай және басқа да материалдармен, азық-түлікпен қамтамасыз ету автономдық режимге көшірілуі тиіс. Тыйым салу кезеңі аяқталғаннан кейін оларды шығару үшін мұнай өндіру процесінің қалдықтарын жинауды және сақтауды қамтамасыз ететін барлық шаралар алынуы тиіс;

- Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін қазан айынан мамырға дейін мұнай операциялары олар шоғырланған жерлерден 1852 метрден (1 теңіз милі) асатын қашықтықта жүзеге асырылуы тиіс. Итбалықтардың мекендерi өзгеретіндігін ескере отырып, олардың шоғырланған жерлерін анықтау үшін барлық шаралар алынуы тиіс;

- құстар мен Каспий итбалықтарына жағымсыз әсер етпеу үшiн олар мекендейтiн және өсіп-өнетін белгілi жерлердiң үстiнен 1 км-ден төмен биiктiкте әуе көлiгiнiң ұшып өтуіне тыйым салынады. 

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

2 мамыр 2019, 13:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.