№7 қалалық кітапханада Халықаралық кітап және авторлық құқық күні аясында Атыраудың үш буын әдебиетшілерінің кездесуі өтті. Кеште қазіргі таңдағы кітап оқуға қызығушылықтың төмендеуі, бұл жағдайды оңалту үшін не істеу керектігі әңгіме болды. Кездесу соңында «АЖ» тілшісі соңғы кезде әңгімелерімен танымал болып жүрген, республикалық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, жерлесіміз Бақытгүл СӘРМЕКОВАҒА бірнеше сұрақ қойды.
- Сонымен, бүгінде кітап оқуға қызығушылық неге азайды?
- Елімізде кітаптың оқылмауына интернет пен әлеуметтік желілерді кінәлау көңілжұбатар сылтау ғана. Әйтпесе, ақпараттық технологиялары жағынан әлемде алдыңғы орындарда келе жатқан Жапония кітап дегеннің не екенін мүлдем ұмытар еді ғой. Керісінше, бұл елде заманымыздың талай мықты жазушылары шығып жатыр. Тіпті көршілес Ресейдің өзінде де кітап оқу мәдениеті әлі күнге төмендеген жоқ. Ал бізде қалай? Жазушылар оқырман жоқ десе, оқырмандар дұрыс шығарма жоқ деп уәж айтады. Яғни, арада байланыс жоқ. Біз туындымызды тауар ретінде ұсына алмаймыз.
- Демек, нарықтық терминмен айтсақ, ұсыныс бар да, сұраныс жоқ...
- Мәселен, жақында ғана Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың «Сезім музейі» кітабын оқыдым. Оқыдым да ойладым, мүмкін бұл ойымды біреулер қабылдамас, Орханның бағы бар екен. Ол біздің елде туса, керемет талантына қарамастан, қарапайым ғана жазушы болар еді. Себебі еліміздегі баспа ісінің кемшін қалуы бұл адамдардың әлемге әйгілі болуына кедергі болады...
- Батыл тұжырым...
- Иә, әдеби агенттік дегенді құлағымыз жатырқап әлі жүрміз. Бізде мемлекеттік тапсырыспен қыруар ақшаға ешкімге керек емес кітап шығартып алады, сосын ығай мен сығайларды жинап, сол кітаптың тұсаукесерін өткізеді, бас-басына сыйлық, шапан жауып, кітапты насихаттауға жұмсауға болатын қаржыны босқа жояды. Біздегі баспа үйлері де мемлекетке жалтақтайды, мемлекеттік тапсырыс күтеді. Баспа үйлері неғұрлым көп болса, өзара бәсекеге түсер еді. Егер туындыларын жеке баспа үйлері, агенттіктер арқылы таратса, жазушыларда ой тәуелсіздігі де болар еді.
Бүгінгі жиында қырық кітабы бар, дардай атағы да бар бір жерлес жазушы туралы айтылды. Бірақ, оны қарапайым жастар түгіл, әдебиетке әуестігім бар мен де танымайды екенмін. Қырық кітаптың біреуін де оқымаппын. Ондай атақ кімге керек? Оқырманы жоқ жетім кітап кімге керек?
- Оқырманы болу үшін жазушы не істеуі керек?
- Елімізде көркем әдебиеттен гөрі мотивациялық, ақша табу жолдарын үйрететін психологиялық кітаптар жақсы таралады. Неге? Олардың жарнамасы жақсы, авторлары кітап бизнесін жақсы меңгеріп алған. Міне, осы жолды жазушылар да үйренуі қажет. Өздеріне өздері менеджер болуы керек.
- Өзіңіздің қандай жоспарларыңыз бар, оқырманы бар кітап жинақтай алдыңыз ба?
- Әзірге кітап шығара қоймадым, алайда бір жинақ толтырардай әңгімелерім бар. Әдебиет порталына, әлеуметтік желілерде жариялаймын. Мұнда оқырманмен тікелей байланыста боласың, ықластарын сезінесің. Жазушылыққа ден қоя алмай жүрмін. Бірақ жазуға түбегейлі көшсем, оқырман көңілінен шығар туындылар ғана жазар едім.
Қайырбек ТАРИХҰЛЫ