Өткен аптада Атырауға АҚШ-тың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям МОЗЕР келді. Жер қойнауын пайдаланушылармен және жергілікті атқарушы билікпен жоспарланған кездесуден бөлек, ол «Ақ Жайық» басылымына сұхбат берген еді. Орыс тілінде сөйлейтін елші мырза аудармашы қызметін пайдаланбауды жөн көрді.
- Мозер мырза, еліміздің батысына келген алғашқы сапарыңыз...
- Олай емес, мен Атырауға 1998 жылы келдім. Ол кезде Алматыдағы елшілікте жұмыс істеп, энергетика мәселелерімен айналысқан едім. Сондықтан да осы жерге лауазымдық міндеттерім бойынша жиі келіп тұратынмын. Бұл «Теңізшевройлдың» жаңадан жұмыс жасай бастаған уақыты дей алмаймын. Бірақ шешілмеген бірталай мәселелер бар еді. Есіңізде шығар, сол кезде бір баррель мұнайдың бағасы 15 доллар шамасында болып еді ғой. Бұл КҚК құбыр желісі салынғанша осылай болатын.
- Демек, 20 жыл бұрынғы Атырау есіңізде екен ғой?
- Бұл шынымен де таң қаларлық нәрсе. Өйткені сол кезде Атырау ауыл сияқты еді. Қазір нағыз қалаға айналған деуге болады. Жолдар сайрап жатыр! Сол кезде сапарға шығар алдында Атырауда балшықтан басқа ештеңе жоқ деп айтқаны есімде. Ол кезде жолдар салынбаған еді. Айырмашылық жер мен көктей.
- Сіз ТШО-мен бірқатар кездесу өткіздіңіз. Бізде қандай жаңалық бар екен?
- Менің Қазақстандағы лауазымымның маңызды бөлігі - мұнай компанияларымен жұмыс істеу. Біріншіден, бұл жерде американдық инвесторлар өте көп. Американдықтар соңғы 28 жылда Қазақстанға бірнеше жүздеген миллиард доллар құйды. Мен елші ретінде американ экономикасы үшін бұдан қандай пайда түсетінін білгім келеді. Кеше ТШО-дағы кездесу кезінде өте жақсы әсер алдым. Өйткені қазір Теңіз, Шеврон және олардың серіктестері осы елдегі мұнай өндіруді жеделдетіп, тереңдету үшін Қазақстанға әлі де қаржы салғысы келеді. 36 миллиард доллар көлемінде жаңа инвестициялар құйылмақ. Бұл үлкен сома. Олардың осындай қаржы салуы Қазақстандағы саяси және экономикалық жағдайға жақсы деп баға беретінін білдіреді.
- ТШО Қазақстанға салынған инвестицияларды қауіпсіз деп есептейді дейсіз ғой?
- Иә, солай деуге болады. 28 жылғы тәжірибе Қазақстанның ТШО үшін жақсы серіктес екенін көрсетіп отыр. Мұны атап өткен жөн. Маған жақсы әсер қалдырған тағы бір жайт – ТШО басқа американдық фирмалар секілді біздің коммерциялық құндылықтарымызды көрсетіп отыр. Біз адамдардың жақсы жұмыс жасағанын, әрі еңбек ететін ортаның жақсы болғанын қалаймыз: еңбек жағдайын жасау, мансаптық жоғарылау мүмкіндігін алу және тағы басқа. Бұл қызықты. Өйткені, 20 жылдан кейін, мәселен, осы жерде Қазақстанда еңбек жолын бастап, қазір халықаралық компания қызметкерлері болып отырған Шеврон қызметкерлері бар. Біз оларды ұлттарына қарамастан, өз ұлдарымыз деп есептейміз.
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің анықтамасы
Уильям Х. Мозерді 2019 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың келесі елшісі ретінде АҚШ Сенаты бекітті.
Елші Мозер АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының қызметкері ретінде керемет мансапқа көтерілді. 1984 жылы дипломатиялық қызметі басталғалы бері Украинада, Қазақстанда, Мысырда, Суринамда және Малиде жұмыс істеді.
Неміс, француз және орыс тілдерін еркін меңгерген.
«АҚМОЛА ДА ЕСІМДЕ»
- АҚШ үшін Қазақстандағы жалпы саяси ахуал маңызды. Өйткені сіздердің елімізде экономикалық және инвестициялық мүдделеріңіз бар. Шетелдік авторлардың сұхбаттары мен сараптамалық материалдарында Орта Азия өңірлерін әдетте «күрделі» деп атайды. Жеке сіз үшін Орта Азиядағы қызметтің күрделілігі неде?
- Мен бұл көзқараспен толық келісе алмаймын. Орта Азияда белгілі бір сын-тегеуріндер бар, бірақ әлемнің басқа өңірлерінде де осындай. Мен Орта Азия елдерінің арасындағы байланыстарды нығайтуды міндетім деп білемін. Біз Орта Азияның 5 елінің ынтымақтастығын нығайту үшін қол ұшын бергіміз келеді. Мысалы, электр энергиясының жаңа нарығын құру. Бұрын Кеңес Одағы болған кезде олардың арасында бір желі болды, қазір ортақ желі жоқ. «Жаңа нарық құру» деген өте ауқымды естілетін шығар - біз нарық жағдайында бұл елдердің электрмен қамтамасыз ету мәселесінде бірге жұмыс жасағанын қалаймыз. Мысалы, бір ел энергия өндірсе, екіншісі оны сатып алғысы келеді. Барлығын қамтамасыз ету үшін нарықтық экономиканы пайдалануға болады. Бұл бір мысал ғана. Біз олардың арасында сауданың көп болғанын, коммерциялық, экономикалық байланыстардың болғанын қалаймыз. Өйткені 28 жыл бұрын біз осы елдердің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қолдаймыз деп мәлімдеген едік. Осы маңызды үш қағиданы нығайту үшін бұл елдер бірге жұмыс жасауы тиіс. Біз осыған түрткі болу үшін көмек көрсеткіміз келеді.
- Қазақстанда сізді таң қалдырған үш нәрсені атасаңыз.
- 20 жыл бұрын Алматы әдемі, кішкентай қала еді. Қазір қанатын жайған, шынымен де серпінді халықаралық орталық екені сезіледі. Сол кезде Қазақстан, соның ішінде Атырау қандай болған еді, мен осыған сәл таң қалдым. Бірақ біз Қазақстанның мүмкіндіктері зор екенін білдік. Мәселе – сол мүмкіндікті қалай пайдаланатындығында болды. Қазір едәуір жақсарған. Экономика көлемі артып, өмір сүру деңгейі де көтерілді. Үшінші нәрсе – 20 жылдан кейінгі Астананың келбеті, заманауи сәулеті, көшелері, қаланың өзі. Ақмоланың қандай болғаны есімде! Ақмолада Делегатская көшесінен американдық елшілік үшін алғашқы кеңсені өзім жалға алған едім.
ЖОЛДАРЫ ҚАЛАЙ ТОҒЫСҚАН?
- Жақында Америка қазақстандықтарды таң қалдырды. АҚШ Конгресінде қазақтың аты айтылып, конгрессмен Дункан Хантер Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтың мүддесін қорғауды ұсынды. Қазақстандық фемида ұйымдасқан қылмыстық топтың негізін қалаушы ретінде оған іздеу жариялаған еді. Ал шетелде қазақстандық диктатура оны саяси тұрғыда қудалап жүр деп танығысы келеді. Осындай ауқымда американдық саясаткер мен көптен бері қашып жүрген қазақстандықтың мүдделерінің бір арнада тоғысуының өзі қызықты жайт. Сонда осылай да бола ма деген сұрақ туындайды?!
- Бізде Конгресс өкілдері тәуелсіз екенін, олардың өз пікірлері бар екенін түсіну керек. Конгресс біздің үкіметпен тең дәрежеде күреседі, оның өз билігі бар. Маған бұл хикаяда Қазақстанға Конгрестің назар аударуы маңызды. Қазақстанды жақсырақ тану үшін конгрессмендер осында көбірек келсе екен деймін. Мен олармен бұл туралы осында келмес бұрын сөйлестім. Дипломат ретінде қылмыстық іске қатысты бұрынғы әкім Бергей Рысқалиев туралы түсінік бере алмаймын.
- Мен мұны түсініп отырмын. Өйткені әкімге қатысты іске немесе конгрессменнің араласуынан кейін істің даму сценарийіне баға беруді өтініп отырғаным жоқ. Әңгіме басқада – осындай жағдай орын алды. Енді осы коллаборацияның тетігін түсінгім келеді. Сонда бұл - егер кез-келген қазақстандық өзін, Хантердің сөзінше, «қазақстандық диктатура» қудалады деп есептесе, АҚШ Конгресінің күн тәртібіне іліге алады деген сөз бе? Қазақстандық үшін бастысы – байланыс табу ма?
- Әрине, бұл қашан да мүмкін нәрсе. Конгрестің әр өкілінің көбінесе өз пікірі болатынын және әрқайсысының оны айтуға құқылы екенін ескеріңіз.
- Бірақ бұл Конгрестің қолдауына кепілдік бермейді ғой?
- Әрине. Бұл ашық пікірталас, конгрессмендер қалай қажет деп есептесе, солай жасай алады.
САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДА
- Қазақстандықтар тұңғыш президент Назарбаевтың отставкаға кетуін «күтпеген жағдай» деген психологиялық әсермен қабылдады. Сіз бұл жаңалықты қалай бейнелер едіңіз?
- Бізде мынадай сөз бар! – деп күлді Мозес. – «Тұрақтылық» және «даналық» деуге болады. Тіпті, біздің мемлекеттік хатшымыз Майк Помпео: «Біз Қазақстандағы биліктің ауысу процесіне өте ризамыз. Бұл елдің тұрақтылығын көрсеткен парасатты қадам болды» деп Тоқаевқа хат жазды. Біз мұны атап өту өте маңызды деп ойлаймыз. Алайда сайлау процесінде Қазақстан ЕҚЫҰ аясындағы өз міндеттемелерін құрметтейді, яғни, әділ әрі ашық сайлау өтеді деп күтеміз.
- АҚШ 25 жыл бойына Қазақстанның бір көшбасшысымен ғана диалог құрды. Бұл тұрақты қарым-қатынас болатын. Алдымызда алғаш рет Назарбаев қатыспайтын сайлау өткелі тұр. Халықтың көңілі күпті. Сіз де алаңдайтын боларсыз? Мемлекеттің жаңа басшысымен диалог құруда АҚШ үшін түбегейлі негізгі саяси құндылықтарды атасаңыз.
- Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл - демократиялық құндылықтарға деген құрмет. Екіншіден, біз Қазақстанмен экономикалық байланысымызды сақтап қалғымыз келеді. Үшіншіден, маңызды бірлескен жақсы бағдарламаларымыз бар. Мысалы, Федералдық тергеу бюросы ҚР Бас прокурорына көмектеседі, біз қылмыскерлерді табу үшін бірге жұмыс істейміз. Бұл біз үшін де, сіздер үшін де өзара тиімді. Бұл бір мысал. Тағы бір мысал - шекарашылармен ынтымақтастық. Себебі, Қазақстанда шекара қауіпсіз болса, бұл біз үшін де жақсы. Екі ел үшін осындай өзара маңызды ынтымақтастық мысалдары өте көп.
- Біз осы сайлауды көптен бері күтіп жүрміз, бірақ қазірден бастап түңіле бастадық. Сайлау белгіленген күн «Нұр Отан» партиясынан басқа кез-келген саяси күшке тәуелсіз үміткерлерді дайындауға мүмкіндік қалдырмады. Америкада 45 президент ауысты. Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы азаматтық қоғам саяси «ұзақ өмір сүрушілерге» қарсы тұруға қабілетті ме?
- Бұған дейін айтып өткенімдей, біз Қазақстан ЕҚЫҰ міндеттемелерін құрметтейді деп күтеміз. Әрине, қазір осы процесс туралы ЕҚЫҰ баяндамасының қандай болатынын айта алмаймын. Мен және менің қызметкерлерім бұл жерде сайлаушылар емеспіз, бұл Қазақстан азаматтарына тиесілі шешімдер. Біз бұл туралы барлық елге айтамыз - біз ішкі процестерге араласа алмаймыз, бірақ біз ашық процестің болғанын қалаймыз. Ал шешім - халықтың еншісінде.
«ҮКІМЕТ ИНТЕРНЕТТІ РЕТТЕУГЕ ТИІС ЕМЕС»
- РФ Мемлекеттік думасы Рунетті оқшаулау туралы заңды мақұлдады. Қоғам екіге жарылды – саясаткерлер мұны пайдаланушының қамы десе, пайдаланушы бұл актіні цензураның оралуы деп атайды. Сіз қай пікірмен келісесіз, әлде басқа пікіріңіз бар ма?
- Мен Ресейдегі Интернет туралы айта алмаймын...
- Мәселе мынада - Қазақстан солтүстіктегі көршісінің озат тәжірибесін қолданғанды ұнатады.
- Мұны түсінемін. Бірақ мен үшін жақсысы – АҚШ-тағы интернет туралы айту. Өйткені мұны жақсы үлгі деп ойлаймын. Біздің үлгі боларлығымыз сол – АҚШ-та ешкім де үкіметтің интернетке араласқанын қаламайды. Бірақ. Пайдаланушылардың жеке деректерін басқару мәселесінде жеке интернет-провайдерлерді қалай реттеу керектігі кеңінен талқыланып жатыр. Бірақ Конгресте адамдардың интернетті қалай пайдалануын мемлекет, үкімет шеше алады деп ешкім де айтпайды. Біз үшін бұл маңызды, өйткені біз интернет ұсынған жақсы байланыс арқылы жаңа экономиканы құрдық. Біз үшін интернет еркін алаң болуы тиіс. Бұл өте маңызды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА