Атырау, 25 қараша 01:23
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсары қашан гүлденеді?

4 140 просмотра


Климаты қатаң, мұнай-химия өнеркәсібі көп шоғырланған Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласын көгалдандыруға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Алайда қала ішінде жасыл-желек аз.

- Қалада сая болар тал аз. Жазымыз ыстық, қапырық, әрі толассыз жел соғып тұратындықтан көгалдандыруға ден қоятын кез келді ғой,- дейді тұрғындар.

Айтса айтқандай, орталық көшелерде болмаса шеткілерінен тал таппайсың. Егілген талдардың кейбірі бой көтере алмай, өліп қалған.

- Бұрын қаланы көгалдандыруға дұрыс көңіл бөлмеген, соңғы бес-алты жылда ғана қаржы бөлінуде, алайда жыл сайынғы тендер жеңімпаздары өз міндеттемелерін дұрыс атқармай, жасыл желекті дұрыс суармайды, - дейді Құлсары қаласының әкімі Қаржау ШАРҒАБАЕВ. - Өткен жылы көгалдандыруға 31 миллион теңге бөлініп, оны ашық конкурста «Қазақ саңыраулар қоғамының Атырау оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесі ұтып алды. Алайда ол мекеме өз міндеттемелерін тиісінше орындамауына байланысты 2018 жылдың қарашасында мердігерді экономикалық сотқа жосықсыз қатысушы деп тану жөнінде шағым бердік, бірақ бұл талабымыз қанағаттандырылмады. Тұрақты күтім болмағандықтан гүлдер мен ағаш көшеттерінің біразы өліп қалды. Мердігердің кепілдік мерзімі бір жыл болғандықтан олардан осы жұмысты талап етіп, тағы сотқа бердік.

Биыл қаланы көгалдандыру жұмысына 50 млн теңге қаржы каралды. Қашаған, Сарқытов көшелеріне 1800 тал егу жоспарланған. Тендер жарияланды. Жасыл желекті малдан қорғау үшін бөлек 7 млн теңге бөлініп, мұны ЖК «Эксклюзив» өз міндетіне алған. Қалада жүрген мал арнайы жабдықталған аулада ұсталады, иесіне бірінші ескерту, екіншісінде айыппұл, одан болмаса екі еселенген айыппұл, егер тіптен бұл тәртіпке көнбесе 15 тәулікке қамау болмаса қоғамдық жұмысқа жегу қарастырылған.

- Бұл шаралар нәтижесін беруде, қазір қала халқы малын бос жібермейтін болды,- дейді Қ. Шарғабаев. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор 

30 сәуір 2019, 10:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.