Сингапур Қорғаныс министрлігі әуе күштері пайдаланып келген F-16 ұшақтарының орнына америкалық 5-ші ұрпақ F-35 жауынгерлік ұшақтарын сатып алуды жоспарлап отыр.
Сингапур Қорғаныс министрлігі мәлімдемесінде: «Әуе күштері мен Қорғаныс технологиялар агенттігі F-16 жауынгерлік ұшақтарының орнын басатын жаңа әуе қорғаныс техникасын бағалау жұмысын аяқтады. Шешімге сай, F-16 ұшақтарын пайдалану 2030 жылдан кейін тоқтатылады. Ал, оның орнына F-35 Joint Strike Fighter (JSF) ұшақтарын пайдалану Сингапур әуе қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең қолайлы балама техника болып саналады», – делінген.
АҚШ ресми басылымдарының кешегі хабарларында, Сингапурдың бұл шешімі әуе қорғанысы үшін ең таңдаулы шешім ретінде бағалады. Қазірдің өзінде Сингапурда 60 дана F-16 жауынгерлік ұшақтары бар екені белгілі. Сингапур тарабы ең алдымен F-35 жауынгерлік ұшақтарынан бірнешеуін сатып алып, оларды түрлі әуе және теңіз үсті әскери жаттығуларында жаттығуларында сынап, жарамдылығы мен техникалық мүмкіндіктерін сынақтан өткізбек.
Бұл үшін елдің Қорғаныс министрлігі америкалық әріптестерімен егжей-тегжейлі талқыламақ. Әрине, Сингапурдың өз әуе кеңістігін қорғауды қамтамасыз ету үшін озық әскери әуе техникасын сатып алуы орынды. Алайда, бұл мәселенің өзге де мәні бар. Сингапурдың америкалық 5-ші ұрпақ әскери ұшақтарын пайдалануда екі түрлі проблемаға тап болуы мүмкін. Біріншіден, Сингапур өз әуе күштерін жаңалауға 2004 жылдан бері варианттарды қарастырып келеді. Содан бері, америкалық F-35 ұшақтарынан артық баламаны таба алмады. Бірақ, F-35-ті өндіруші Lockheed Martin өз ұшақтарының Сингапурдың тропиктік климатында да «супер жауынгерлік қабілетте» бола алатынын дәлелдеуі керек. Бұл Сингапур әуе қорғаныс күштері үшін аса маңызды.
2010 жылы Сингапур әуе күштеріне тиесілі AH-64 Apache тікұшағы апатқа ұшырады. Апат жағдайын тексеру нәтижесінде, қозғалтқыштың коррозиясы тұрақты жұмыс істеуге қабілетті болмағаны анықталған. Бұның себебі Сингапурдағы ауа климаты екенін де белгілі болған. Теңіз желі мен тұзды ауа тікұшақтың қозғалтқышын ұзақ уақыт жұмыс істету мүмкіндігінен айырады. Бұған қарап, аталған супер жауынгерлік ұшақты өндіруші Lockheed Martin Сингапур климатына арналған F-35-тің нұсқаларын жасау туралы келісімі керек болады. Екінші мәселе – Қытай. Қытай Азия елдеріне, әсіресе өзіне жақын Оңтүстік Азия елдеріне америкалық соғыс техникаларының көптеп кіруіне қарсы. Бұл аймақ Қытай экономикасы мен қауіпсіздігі үшін стратегиялық ең маңызды аймақ.
Орта-Шығыс, Африка және Еуропадан Қытайға тауар және шикізат тасымалдайтын кемелер Сингапур қожалық еткен бұғаз арқылы Оңтүстік Қытай Теңізіне кіріп, одан ары Қытайдың өндірістік қалаларына тарайды. Бұл желінінің қауіпсіздігі, су жолы бойынша өзіне қарсы күшті әскери техникалардың болуын қаламайды. Бұған келгенде Бейжің билігі F-35 ұшақтарын сатып алуын желеу етіп, Сингапурға қысым түсіруі де мүмкін. Оның үстіне Қытай тарабы Оңтүстік Қытай теңізіндегі ауқымды аймақты өз территориясы ретінде жариялап, бұл аймақтағы әскери әрекеттерін жиілетті. Аталған теңіз алабы Оңтүстік Шығыс Азиядағы бірқатар елдермен шектеседі, әрі Сингапурға да жақын жатыр. Сингапур озық соғыс ұшақтарын арқылы жүргізген әуе операцияларында Қытай теңіз күштерімен жиі ұшырасып қалуы мүмкін. Жақында, Жапон теңізінде жоғалған F-35 ұшағын тауып алуға Ресей мен Қытай көп күш салды.
Егер Қытай мен Ресей бұл ұшақтың бүлінген бөлшектерін тауып алса, содан пайдаланып өз әуе техникаларын дамытуы мүмкін деген болжамдар бар. Себебі, бұған дейін Қытай хакерлік шабуылдар арқылы F-35 ұшағының құпия материалдарын қолға түсірген.
Дереккөз: qazaqtimes.com