АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай мен Ресейден ядролық қарудан бас тартуды талап етті. Fox телеарнасына сұхбат берген Трамп Американың денуклеаризацияны таңдайтындығын және Қытай, Ресей сынды елдер де осы жолға бет бұру керектігін айтты.
Себебі, ядролық қару салдаыран жергілікті халық жапа шегіп, мемлекеттер арасында шиеленісті арттыруы мүмкін. 2018 жылы 21 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығатындығын мәлімдеген. Оның сөзінше, Ақ үй әкімшілігінің бұндай қадамға баруына Ресей тарапының келісімді толықтай орындамауы себеп болған. АҚШ президенті Дональд Трамп басшылық қызметіне кіріскелі бері алғаш рет Конгресте жариялаған жолдауында «теңдессіз» әскери күш ел қауіпсіздігінің кепілі болады деп, Американың ядролық қаруын жетілдіруге және қалпына келтіруге шақырған болатын. Өз сөзінде ол: «Бүкіл әлемде біз АҚШ-тың мүддесіне, экономикасы мен құндылықтарына қатер төндіретін аластатылған режимдерге, террорлық топтарға және Қытай мен Ресей сынды бәсекелестерге кезігіп отырмыз. Бұл қауіп-қатерлерге қарсы тұрғанымызда әлсіздік – жанжалға апарар тіке жол екенін, ал теңдессіз күш – қорғанысымыздың ең сенімді құралы»,– деген. АҚШ-тың Ресей Федерациясымен зымыран шартынан басқа тағы бір келісімі бар. Оған 2010 жылы Барак Обама мен Дмитрий Медведев қол қойған еді. Осы құжатқа сәйкес, қос тараптың да ядролық қару арсеналын қысқартуы көзделген. Шарт мерзімі 2021 жылы аяқталады. Washington Рost мәліметі бойынша, қазіргі уақытта Ресей 7 мың дана ядролық оқ тұмсықпен ядролық қару бойынша әлемнің бірінші орынында тұр. Бұл ядролық қарулардың 1910 данасы пайдалану тізіміне енгізілген. Ал, 2700 данасы жойылды немесе жойылу үстінде. 2390 дана ядролық қару толық жабдықтаудан өтпеген. АҚШ-та 6800 дана ядролық қару бар болып, оның 1800 данасы пайдалануға дайын. Францияда 300 дана, Қытайда 270 дана (бұның қанша данасы толық жабдықталғаны анық емес), Ұлыбританияда 215 дана, Пәкістанда 140 дана, Үндістанда 130 дана, Израильде 80 (кей деректерде 120 дана бар болуы мүмкін делінген), Солтүстік Кореяда 60 дана ядролық оқ тұмсық бар.
Дереккөз: qazaqtimes.com