Наурызда dialog.egov.kz сайтындағы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың блогында Атырау тұрғыны Елена Волохинаның: «Азаттық даңғылы, 86 үйдің ауласынан ойын алаңын салуға жәрдемдесуіңізді сұраймыз. Бұл үйде көп бала бар, оларға бұл алаң өте қажет» деген мазмұнда хат жарияланды. Ал жалпы Атырауда көппәтерлі үйлердің ауласының көпшілігі абаттандыруды қажет етеді. Жақында қалалық ТКШ бөлімі тендер өткізілетіндігін жариялады. Тізімге 6 аумақ енген: Авангард 3 ықшам ауданындағы №31-32 үйлер; Азаттық, 71; Молдағалиев 5,7; Балықшы 26, 26«а»; Махамбет көшесі, 128, 128«а»; Нұрсая ықшам ауданы 85, 86, 87 үйлер. Жұмыстардың жалпы құны - 506 млн теңге.
Біз осы лоттардың құжаттарымен танысып шықтық. Жобаны «Атырау Эксперт Проект» ЖШС 2018 жылы әзірлеген. 6 аумақта да жобалау шешімдері бірдей, асфальттау алаңы бойынша ғана айырмашылық бар.
Авангард 3-ықшам ауданындағы №31 және 32 үйлердің ауласын абаттандыруды мысал ретінде қарастырайық.
Бұл жерге балалар мен футбол алаңдарын, ересектерге арналған жаттығу, қоқыс контейнері алаңдарын, көлік қоятын жер мен жаяужолдар салу жоспарланып отыр. Бұлармен қатар 27 ағаш отырғызу қарастырылған.
Аула алаңы - 0,58 гектар. Балалар алаңының көлемі 10х20 метр болады. Алаң аумағына балалар зақым алмау үшін қалыңдығы 10 миллиметр резіңке кілем төселуі тиіс. Шағын сәулет нысандарынан 2 ойын кешені, спорт кешені, «Аквариум» құмсалғышы, «Кораблик» әткеншегі, қос әткеншек, айналма әткеншек, 2 теңгергіш әткеншек және 4 серіппелі тербелме қарастырылған.
Ойын алаңдары 10 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ол жерде бір метрге дейінгі биіктікте қоршау салынады.
Одан жоғары жастағы балалар үшін қақпалары бар 20х40 көлемдегі футбол алаңы қарастырылған. Жобада қоссырықтар, «Жоғарғы тартылыс», «Кеудені көтеру», «Аяқпен көтеру» және гимнастикалық жаттығуларға, үстел теннисіне арналған құрылғылары, швед қабырғасы, белтемірмен қамтылған 10х10 метр жаттығу алаңы да енгізілген. Алаңның 510 шаршы метр жерін асфальттау және 65 шаршы метр жеріне кеспе тас төсеу жоспарланған.
Қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Ақесен ИБРАГИМОВТЫҢ айтуынша, жұмыстар жыл аяғына дейін аяқталмақшы. Мұнайлы астанадағы осындай тағы 100 аумаққа жобалау-сметалық құжаттама әзірленеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ