АҚШ билігі Шешенстан үкіметінің төрағасы Муслим Хучиев пен әйелі Сапия Шабазоваға, олардың жақын туыстарына елге кіруге тыйым салды. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде айтылады.
Департамент мұндай шешім қабылдауына Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жүргізген зерттеу қорытындысы негіз болғанын айтады. Зерттеуде "Шешенстан азаматтары ұдайы қудаланады, заңсыз ұсталып, қамалады, азапталып, жоғалып кетіп, сотсыз жазаға тартылады" деп жазылған. Вашингтон бұл азаптауларға Хучиевтің "қатысы барын дәлелдейтін айғақтары бар" екенін айтады.
Мемлекеттік департамент Ресей билігін Шешенстандағы адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар барлық азаматты (оның ішінде премьер де бар) жауапқа тартуға шақырған.
Муслим Хучиев - 2018 жылдың маусымынан бері Шешенстан премьері. Бұған дейін ол үш жыл Грозныйдың мэрі болған. Шешенстан үкіметінде - министр, Мәскеуде журналист болып істеген.
Дереккөз: Азаттық радиосы