Бүгін 25 сәуірде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев активке жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жаңа басшысы Әсет ОРАЗҒАЛИЕВТЫ таныстырды.
Ол 2003 жылы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, 2008 жылы Атырау мұнай және газ институтын бітірген. 2005-2006 жылдары мобилизациялық дайындық басқармасында еңбек еткен, содан кейін «Атыраунефтемаш» ЖШС-де техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер болып жұмыс жасаған. 2008 жылы жеке жол-құрылыс компаниясына кетіп, 2010 жылдан бастап қазіргі лауазымына дейін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
- Жаңа басшының алға қойған міндеттерді орындау үшін айтарлықтай тәжірибесі бар, - деді Ноғаев. - Бұл Атырау-Астрахан трассасының, Атырау төңірегіндегі айналма көлік жолдарының құрылысы, Атырау-Махамбет, Атырау-Қарабатан жолдарын кеңейту жұмыстары. Елбасының Атырауға келген сапарында Атырау-Орал трассасын қалпына келтіру жобасы мақұлданды. Қысқаша айтқанда, алда жасалатын жұмыстар көп.
Жаңа басшы өз кезегінде жұмысты бар ынтасымен, адал атқаруға уәде берді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор