Атырау, 28 қараша 06:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Донбасста Ресей азаматтығын алуды жеңілдеткен Путинді Киев пен Вашингтон сөкті

2 821 просмотра


Киев Ресей президенті Владимир Путиннің Украина шығысындағы сепаратистер бақылайтын аймақ тұрғындарына Ресей азаматтығын беруді жеңілдету туралы қаулысынан соң БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шағымданды. Бұл туралы Украинаның БҰҰ-дағы өкілі Владимир Ельченко өзінің Twitter парақшасында хабарлады.

Дипломаттың сөзінше, Ресейдің бұл әрекеті Минск келісіміне қайшы келеді. Бұған дейін Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленскийдің штабы Донбасста паспорт алуды жеңілдетуді қаулы еткен Мәскеуге дипломатия мен санкция қысымын арттыруға шақырған.

Украинадан соң АҚШ мемлекеттік департаменті де Кремль қаулысын сөкті. Мемлекеттік департаменттің Украинадағы арнаулы өкілі Курт Волкер азаматтық алуды жеңілдету "арандату" және "жерді басып алу жоспарының бірі" деп мәлімдеді.

Департамент мәлімдемесінде "Ресей мұндай өрескел арандатушылық әрекетімен Украина егемендігі мен жерінің тұтастығын бұзып отыр. Путин шешімі Минск келісімінің іске асуы мен Донбасстың қайта интеграциялануына үлкен кедергі келтіреді" деп жазылған.

24 сәуірде Путин Украина сепаратистері бақылайтын аумақ тұрғындарына Ресей азаматтығын алуды жеңілдететін қаулыға қол қойған. Құжат мәтіні Кремльдің ресми сайтында жарияланды. Қаулыға сәйкес, паспортты жеңіл алу құқығы адам құқықтары мен еркіндігін қорғау үшін "гуманитарлық мақсатта" беріледі.

Ресей 2014 жылы наурызда Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған. Ал сәуірде Донецк мен Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында соғыс басталған. Қақтығыстардан 10 мыңнан астам адам қаза тапқан. Киев Мәскеуді ресейшіл сепаратистерді қолдап отыр деп айыптайды. Бірақ Мәскеу оны жоққа шығарады. 2015 жылы ақпанда Минскіде қақтығысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, ол әлі күнге толық орындалмай келеді.

Дереккөз: Азаттық радиосы

25 сәуір 2019, 09:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.