- Өткен жылы шартты түрде сотталғандар 142, ал биылдан бастап 12 қылмыс жасады, - деп хабарлады Атырау қалалық пробация қызметінің қызметкері Нұрлан ҚАБДОЛОВ. - Кейде шартты үкімнен кейін сотталушыны табу қиын, сондықтан үкімде оның мекен-жайы мен телефоны көрсетілгенін қалаймыз.
- Пробациялық бақылауға алынғандардың барлығын тексересіздер ме? – деп сұрады №2 қалалық соттың төрағасы Мейрамбек НАҒАШЫБАЕВ.
- Пробацияда бізде 647 адам бар. Өкінішке орай, бәрін түгел тексере алмаймыз. Көлік жетіспейді, - деп мойындады Қабдолов.
- 100 сағатқа қоғамдық жұмыстарға жазаланғандарды қалай тексересіздер? «Арнайы автобазаға» барасыздар ма?
- Әр 10 күн сайын табельдерді тексереміз. Егер адам жұмыс істесе, аты-жөні белгіленуі тиіс. Жақында мынадай жағдай болды. Шартты сотталған бір адамды «Арнайы автобаза» бірнеше сағаттан кейін жұмыстан шығарған: таңертең жұмысқа қабылдап, кешке жұмыстан шығарыпты.
- Мен бұл хикаяны білемін, - деп әңгімеге араласты адвокат Мирас ҚАЙЫРОВ. – Ол адам бірнеше күн жұмыс жасаған. Бірақ бригадир табельге белгілемеген. Әрине, ол соған наразы болып, жұмыстан кетіп қалған.
- Адамдарға бұлай қарауға болмайды ғой. Өкінішке орай, бізде адамдармен осындай қарым-қатынас жасау әуелден қалыптасқан. Мен де бір кездері құрылыста еңбек еттім, бізбен бірге «шартты сотталғандар» жұмыс жасады. Әлі күнге дейін есімде, бригадиріміз олардың соңына түсіп, қит етсе, кері түрмеге жіберемін деп қорқытатын еді, - деп есіне алды Нағашыбаев.
Қабдоловтың айтуынша, шартты сотталғандарға 80 мың теңгеге өлі балықты жинауды, Индерде кеспе тас төсеуді ұсынған. Жалақы өте аз деп, бұған ешкім келіспеген.
- Жұмыссыз жүрсе де, ешкім келіспеген, - деді Қабдолов ашуланып. – Жақында «Еңбек-Атырау» РМК 30 адам сұрады, төрт адамды әзер жинадық.
Белгілі бір мекен жайы жоқ тұлғаларды бейімдеу орталығының заңгері Гүлден ДОСЖАНОВА орталықта шартты түрде сотталған төрт адамның - үш ер адам және бір әйелдің тұратынын айтты.
- Киімдері бар, тамақтары тоқ, жылы жерде, оған қоса жұмыс ұсынамыз. Олар ұсынған жұмыстан бас тартса – тиісті қолхат аламыз. Біздің орталықта өмір бойына тұра алмайды ғой, белгілі бір уақыты бар.
ҚТЖД қызметкері Олжас ЖАМАНБАЛАЕВ қатысушылардың назарын тағы бір проблемаға аударды:
- Біз «Ақсұңқар» бағдарламасының көмегімен сотталушының - мінез-құлық ерекшелігін, суицидке бейімді ме, жоқ па, т.б. психологиялық портретін жасаймыз. Бұл іске тіркелетін өте маңызды әрі құпия құжат. Бірақ істі мерзімінен бұрын шартты түрде босату жөнінде сотқа жолдаған кезде, бұл құжатты адвокаттар, содан кейін сотталушылардың өздері оқиды. Бұл дұрыс емес.
- Нақты заң бойынша бұл құпия ма, жоқ па? Өйткені біз процеске қатысушыларды істің бүкіл құжаттарымен таныстыруға міндеттіміз, - деді №2 соттың судьясы Гүлжиян МҮТИЕВА.
- Бірақ онда «Жария етілмеуі тиіс» деген жазу бар ғой, - деді УГ-157/11 мекемесінің бастығы Нұрзада САҒЫНҒАЛИЕВА әріптесін қолдап. – Мынадай жағдай болды: біз сізге мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы істі жолдадық. Бірақ сот психологиялық портретіне сілтеп, бас тартты. Сотталушы бұл туралы білген соң бізді сотқа берді.
- Ендеше алдағы уақытта бұл құжатты «Құпия» деген жазуы бар бөлек пакетпен әкеліңіздер, - деп сөзін түйіндеді Мүтиева.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор