22 сәуірде Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының «Ұлы дала мұрагерлері» атты шығармашылық кеші өтті. Жастар жылына орай өткізілген шара мектептегі дарынды жастардың ғылыми-зерттеу және оқу-тәрбиедегі жетістіктеріне арналды.
Алдымен атыраулықтарға Құрманғазы мәдениет сарайының алдында жаратылыстану және математика бағытындағы ғылымдарды игерген оқушылардың инновациялық жобалары ұсынылды. «Клиностат арқылы өсімдіктерді жасанды жолмен өсіру», «Пластиктерден кірпіш шығару», «Ақылды тор», «Банан қабықтары арқылы суды тазалау», «Суда ауыр металдарды анықтаудың жолдары» және «Генераторға арналған батареяны қуаттаудың тәсілі» сынды ғылыми еңбектердің таныстырылымы жасалды.
Айта кетейік, 12 сынып оқушысы Мәдина МҮЛІКОВА жасап шығарған Зеебек әсерлі жарықтандыру аспабы жақында мемлекеттік патентке ие болған еді.
Кеш барысында сазбалшық үйірмесі оқушыларының қыш құмыра жасау бойынша өткізген шеберлік сыныбы да атыраулықтарды бей-жай қалдырмады.
Соңғы жылдары бұл үйірмеге қатысушылардың саны артып келеді. Сіздің алдыңызда Орал өңірінің сазынан әзірленген бұйымдар, ал қазіргі дайындап жатқанымыз Атыраудың саз балшығы. Атыраудың сазы Оралға қарағанда тұзды болып келеді,- деп түсіндірді 8 сынып оқушысы Алтынай ЖОЛДЫБАЕВА.
Тұзды сазды илеу денсаулықққа зиян келтірмей ме?
Жоқ, керісінше, ғалымдар сазды илеу кезінде саусақтардың клеткасы арқылы адамның дене мүшелеріне пайда беретінін айтқан.
Шығармашылық кеш соңы гала-концертке ұласты. Бұл бөлімде мектептің көлеңке театрының тарихи қойылымы концерттің ең ерекше сәттерінің бірі болды.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттерді түсірген автор