Атырауда 1 мамырда 9 шақырым қашықтыққа «Charity Bike Ride Atyrau – 2019» бұқаралық велошеруі өтеді, оған барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Қалада осыған байланысты әдеттегідей автокөлік қозғалысына шектеу қойылады.
Велошеру маршруты: М.Өтемісов атындағы облыстық академиялық драма театрдан басталады – Азаттық даңғылы - Әуезов көшесі - "Мұнайшы" (Жилгородок-Авангард) көпірі - Владимирский көшесі - Сатпаев даңғылы – Сұлтан Бейбарыс алаңында мәреге жетеді. Осы бағыттарда уақытша көлік қозғалысы шектеледі, ал шеру сағат 17.00-де басталады.
- Биыл қатысушылар үшін тіркеу талап етілмейді. Шеру мәреге жеткеннен соң Сұлтан Бейбарыс алаңында сағат 19-да көрермендерді жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама күтеді, - деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ұйымдастырушылардың мәліметтері бойынша бұдан басқа, алаңда серіктес-компаниялардың азық-түлік өнімдері сатылады, ал одан түскен ақша жергілікті велоорталыққа қажетті спорттық құралдар алуға жұмсалады.
Еске сала кетейік, бұл Атырауда өткелі отырған екінші велошеру: былтыр оған қазақстандық кәсіпқой велосипедші Александр ВИНОКУРОВ, олимпиада чемпионы Илья ИЛЬИН және танымал тұлғалар қатысқан болатын. Осы бірінші велошеруден соң мэрия Атырауда велоорталық ашылғанғанын хабарлаған еді.
Фархат ӘБІЛОВ