Атырау, 28 қараша 06:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Украинаның президент сайлауында Зеленский жеңіске жетті - exit-poll мәліметі

2 727 просмотра


Украинаның президент сайлауында бастапқы нәтижелер бойынша сайлаушылардың 73,2 проценті Владимир Зеленскийге дауыс берген.

Шоумен Владимир Зеленский экзит-полдың бастапқы нәтижелері бойынша Украинадағы президент сайлауында жеңіске жетті.

Орталық сайлау комиссиясы Украина президентінің есімін 1 мамырдан кешіктірмей жариялауы тиіс.

Владимир Зеленскийдің штабы жеңісті тойлауды бастап та кетті.

"Мақсатымызға жеттік! Маған қолдау көрсеткен ата-анама үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олар осының бәріне төтеп берді. Күш-жігер танытқан әйеліме рахмет. Егер мен туралы айтылған сөздерді кезінде естісе, маған күйеуге шықпас еді. Балаларыма, бүкіл отбасыма рахмет. Командама, сарапшыларға, заңгерлерге, бақылаушыларға  - бәріңізге рахмет", - деді Зеленский экзит-полл нәтижелерінен кейін.

Владимир Зеленский туралы не білеміз

Владимир Зеленский 1978 жылы 25 қаңтарда Украина КСР (қазіргі Украина) Днепропетров облысы Кривой Рог қаласында өмірге келді. Бала күнінде төрт жыл ата-анасымен бірге Монғолияда тұрған, әкесі бұл елде 20 жыл еңбек етіпті (Зеленскийдің айтуынша, әкесі кен байытушы комбинат құрылысында істеген).

Зеленский Кривой Рог экономикалық институтының заң факультетін бітірген.

1996 жылдан бастап Зеленский Ресейдегі КВН шоуына қатысады. Бастапқыда "Запорожье - Кривой Рог - Транзит" командасындағы би нөмірлерін қоюшы болып, кейін команданың мүшесі атанды. Ал 1997 жылы команда құрамында Жоғарғы лигада чемпиондық титулды жеңіп алған.

Зеленский 15-тен астам фильмге түскен, атап айтқанда "Любовь в большом городе" (2009), "Любовь в большом городе 2" (2010), "Служебный роман", "Наше время" (2011), "8 первых свиданий" (2012), "8 новых свиданий" (2014) және тағы басқалары.

Зеленский – Украина президенттігіне кандидат

2014 жылы Владимир Зеленский "еуромайданға" қолдау білдірді, соның нәтижесінде Украина президенті  Виктор Янукович биліктен кетіп, орнына оппозиция келген еді.

2018 жылдың 31 желтоқсанында "1+1" телеарнасы тікелей эфирінде Жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда Зеленский халыққа үндеу жариялап, 2019 жылы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді.

Біраз уақыттан соң Зеленский 2017 жылы құрылған "Слуга народа" партиясы атынан мемлекет басшысы лауазымына үміткер болды.

31 наурызда Украинадағы президент сайлауының алғашқы турында Зеленский 30,24 % дауыс жинаса, қарсыласы Петр Порошенко 15,95% азаматтардың қолдауына ие болды.

Зеленский мен Порошенконың пікірсайысы

19 сәуірде "Олимпийский" стадионында Владимир Зеленский мен Петр Порошенконың пікірсайысы өтті. Порошенконың түсінігі бойынша, Зеленский – "олигархтардың қолшоқпары". Ал Зеленский "қазіргі жүйені жоюға" келгенін мәлімдеді.

Зеленскийдің отбасы

Владимир Зеленский үйленген, екі баласы бар. Әйелі - Елена Владимировна Зеленская (қыз кезіндегі фамилиясы - Кияшко), 1978 жылы Кривой Рог қаласында туған, болашақ жарымен бір мектепте оқыпты. Олар 2003 жылы отау құрды.

Ерлі-зайыптының Александра есімді қызы (2004 жылы туған) және Кирилл есімді ұлы (2013 жылы туған) бар.

Дереккөз: sputniknews.kz

22 сәуір 2019, 09:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.