Сіз көшедегі қоқысты жолай жинап, жүгіріп көрдіңіз бе? Екіталай шығар. Салауатты өмір салтын ұстанып, қоршаған ортаға қамқорлық жасауды ұштастыру – плоггинг қозғалысының негізгі бағыты.
Плоггинг Швеция елінде пайда болған. Денсаулығын күту үшін жүгіруге шыққан адам өзімен бірге дорбасын ала шығып, оған жолында кездескен қоқыстарды салады.
Жақында атыраулық желаяқтар жағалау бойында плоггинг ұйымдастырды.
- Марғұлан Сейсембаевтың парақшасынан осындай қозғалыс туралы оқып, сұрастырған едім. Ортақ чатымызға белгіленген уақытқа дейін бір апта ішінде хабарландыру жасадым. Ниет білдірушілер көп болды. Өйткені біз әр жексенбі сайын жүгіреміз, - дейді жүгіру клубын ұйымдастырушылардың бірі Қанат ЕСІРКЕПОВ. – ФОК-тан Ретро-паркке дейін жүгіріп, жолай 6 қап қоқыс жинадық. Бұл жақсы дәстүр деп ойлаймын. Өйткені өз денсаулығыңа ғана емес, қоғамға да пайда әкелесің.
Плоггингтің тағы бір артықшылығы – «қарапайым» жүгіргенде бір сағатта 500-600 калория жұмсалады, ал қоқысты алу үшін отырып-тұру, еңкею қимылдары кезінде бұл цифр 1,5-2 есеге көбейеді. Спорттың бұл түрі арықтауға да көмектеседі. Бұдан басқа, жүгіруден кейін суретке түсуге және суреттерді әлеуметтік желілерде #plogging хэштегімен жариялап, ниеттес жандарды табуға болады.
Айтпақшы, плоггингтің арқасында Швецияда қалдықтар 100 пайыз өңделеді екен. Бәлкім, осыдан бастармыз?
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Бейнежазба автордікі