Бір жылдан аса бейбітшілік келіссөздеріне талпынып келген Солтүстік Корея жаңа қаруын сынақтан өткізді. Елдегі ресми ақпарат агенттік Солтүстік Кореяның «Қуатты оқ тұмсығы бар тактикалық қаруды» сәтті сынақтан өткізгенін хабарлады.
Бұл Пиоңяңның (Пхеньян) Ким Жоң Ун мен Трамп арасындағы келіссөздер сәтсіз аяқталғаннан кейін өткізген алғаш реткі сынағы. Әрі, бұл сынақ АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуынан кейін өткізіліп отыр. Солтүстік Кореяның ресми ақпарат агенттігі бұл қару туралы нақты мәлімет берген жоқ. Алайда, америкалық сарапшылар, кезекті сынақта қолданылған қарудың АҚШ-ты үрейлендіретіндей құрлықаралық баллистикалық зымыран емес екенін айтқан. «Келіссөз өткізу үшін Трамп мінезін өзгертуі керек» Пиоңяң тарабының былтыр қараша айындағы осыған ұқсас сынағы да Уашингтонға көрсеткен қысым қатарлы бағаланған еді.
Ақпанда Вьетнамдағы Трамп-Ким саммитінен кейін АҚШ пен Солтүстік Корея арасында ядролық қару туралы туралы келіссөздер тоқтап тұр. Жақында КХДР-ның ең жоғары басшысы Ким Жоң Ун мәлімдеме жасап, Солтүстік Корея АҚШ-тың санкцияларына төтеп бере алатынын, ал келіссөздерді жалғастыру үшін Трамптың өз мінезін өзгертуі керек екенін ескерткен. Солтүстік Кореяның құрлық аттап ұша алатын баллистикалық зымырандары 2017 жылғы сынақтарда көбірек табысты нәтижесін көрсетті. Сол кезде Корей түбегі мәселесі шырқау шыңына шығып, АҚШ пен КХДР арасында қақтығыс болуға аз-ақ қалған.
Алайда, 2018 жыл кірісімен Ким Жоң Ун: «Мен ядролық сандықты келіссөз үстеліне алып шығамын», – деп мәлімдеме жасап, Құрама Штаттармен келіссөздерге келе бастады. Алайда, екінші рет кездескен екі ел басшылары пікір бірлігіне келе алмай, келіссөз мерзімінен бұрын аяқталып еді. Кезекті сынақ Корей түбегі мәселесін халықаралық күн тәртіпке қайта шығаруы мүмкін.
Дереккөз: qazaqtimes.com