Кешегі жауын-шашын салдарынан мұнайлы астана көшелері суға кетті. Ал бүгін, 18 сәуірде жауған қар тұрғындарды әбігерге салды: қала ішіндегі көлік қозғалысы қиындап, әуе рейстері ұшпай, көп қабатты үйлердің жертөлелері суға кетті, жарық өшіп қалды. Коммуналдық қызметтер үлгере алар емес.
ЖАҢБЫР МЕН ҚАР. 16 сәуірде кешкісін басталған жауын-шашыннан Атырау көшелері су астында қалды. 17 сәуірден бастап оң жақ жағалаудағы суды «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің 10 вакуум машинасы тартып шығаруда. Ал «АтырауСуАрнасы» КМК-нің 25 вакуумы сол жақ жағалауға шықты. Осы жұмыстарға басқа да мекемелердің техникалары пайдаланылды.
- Әсіресе, мектеп, балабақша, аурухана, негізгі көшелердің жүргінші бөлігіндегі, ықшамаудандар мен жеке сектордағы көп жиналған суларды тартып шығару керек. Арнайы техниканы бақылау мен тартып шығарылған су көлемінің есебін қалалық ТКШ бөлімімен бірлесіп жүргіземіз, - дейді «Арнаулы автобаза» ЖШС өкілі Жанболат СҰЛТАНҒАЛИЕВ.
Өткен түнде 420 текше метр су тартылса, екі тәулік ішінде Атырау көшелерінен 6 мың текше метрдей су шығарылды.
Қазіргі кезде қала көшелерін 5 трактор-шөтке тазалап жүрсе, тағы 3 КамАЗ-шөтке көпірлерді қар мен еріген судан тазартуда. Тайғақ салдарынан «Авангард-Жилгородок» көпірі біраз уақыт жабылып қалған еді. Жаңа ғана оның да, басқа көпірлердің де тазартылып, құм мен тұзды су себілгенін және көлік қозғалысының қалпына келтірілгенін хабарлады.
ЖЕДЕЛ ШТАБ. Кеше «Арнаулы автобаза» аумағында Атырау әкімінің орынбасары Шәкір КЕЙКИННІҢ жетекшілігімен жедел штаб құрылып, (87122)29-12-93 телефоны бойынша «қауырт желі» ашылды. Бірақ өкінішке орай, қазіргі уақытта жарықтың жоқтығынан телефон жасамай тұр.
Балықшы, Привокзальный тұрғындары үйлерін су басқанын хабарлап үлгерген. Әкімдіктегілер жақын арада қажетті көмек көрсетіледі деп уәде берді.
МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАР. Облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша, ауа-райына байланысты Атырау мектептерінде барлық сыныпта сабақ болмайды.
ЖАРЫҚ ПЕН СУ.
- Қала мен қала маңындағы үйлерде жарықты қосу үшін «Атырау-Жарық» АҚ-ның 25 бригадасы жұмыс жасауда. Көп ұзамай жарық беріледі, - деп хабарлады Атырау әкімдігінің баспасөз қызметі.
КӨЛІК.
Қаладағы қозғалыс өте баяу, ал Привокзальныйдағы әскери бөлімше маңында және қала маңындағы ауылдарда көліктер суда «жүзіп» жүр.
- Тек орталық көшелердегі суларды тартып жатқан сияқты, - дейді жүргізуші Батыржан ЕСЕНБЕКҰЛЫ. – Өзімді жүргізуші емес, кеме капитаны секілді сезініп отырмын.
- Үш тәулік ішінде Атырау көшелерінде 62 жол-көлік оқиғасы болды, адамдар дін аман. Қазір көше қиылыстарында 11 реттеуші жұмыс істеуде, - дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА.
Атырау Халықаралық әуежайының кезекшісі белгісіз уақытқа әуе қатынасының тоқтатылғанын хабарлады. Әуежай рейстер ұшырмайды және қабылдамайды.
Ал халықаралық трассалар ашық.
ШАТЫРЛАР, ТЕРЕКТЕР. Күшті жел теміржол вокзалының қоршауын жұлып кетті. Бағына қарай, ешкім зардап шеккен жоқ. Қаланың түрлі бөлігінде теректер құлады.
Ауа-райының қолайсыздығы бақша егушілер үшін де жақсы болмады. Әсіресе, бүршік жарып, гүлдеп қалған жеміс ағаштарына обал. Жақсы өнім болады деген үміт үзілгендей.
АУА-РАЙЫ БОЛЖАМЫ
Синоптиктердің мәліметі бойынша, қар араласқан жаңбыр мен күшті жел кешке дейін жалғасады. Ертеңгі күннің ауа-райы болжамы: түнде - 4, күндіз +10 градусқа дейін жылы.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді түсірген автор және Атырау тұрғындары
Бейнежазбаны түсірген автор